Қарағанды облысында жасөспірім баланың аяғын өртеп жібергені үшін сотталды

Фото: pixabay.com
17 жастағы жасөспірім 14 жастағы баланың аяғын өртегені үшін 1 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024 жылдың 17 қыркүйегінде Ақтоғай ауданының Шашубай ауылында 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы Нұрсұлтанның үстіне жанған сіріңке лақтырып, оның аяғын өртеген. Бензин сіңген шалбар бірден тұтанып, Нұрсұлтан жанған киімді жырып тастауға тырысқан. Киімнің матасы еріп, баланың терісіне жабысып қалған — ол шалбарды терісімен бірге сыпырып алған.
Оқиғадан кейін 16 жастағы жасөспірім жедел жәрдем шақырмаған, алғашқы көмек те көрсетпеген. Жаралы баланың анасының айтуынша, ол үйіне барып, өзінің ескі шалбарын әкеліп, Нұрсұлтанға "осыны киіп ал" деп бұйырған және болған жағдайды ешкімге айтпауын талап еткен. Нұрсұлтан ауырсынғанына қарамастан, басқа шалбар киіп, үйіне барған. Анасы дереу "жедел жәрдем" шақырған.
Зардап шеккен баланың анасы оқиғаны былай түсіндірді:
"17 қыркүйекте ұлым үш баламен бір үйдің ауласында жүрген. Сол үйдің иесінің баласы — ең үлкені, 16 жаста. Ол балаларға бензиннің буын иіскеуді ұсынған. Әкесіне тиесілі канистрді ашқан кезде, ұлым байқамай тиіп кетіп, бензин төгіліп, шалбарына жұғып қалған. Сол кезде 16 жастағы бала 4 500 теңге шығынды өтеуді талап еткен".
Нұрсұлтан ақшасы жоқ екенін айтқанда, ашуланған жасөспірім сіріңкені жағып, баланың үстіне лақтырған.
Ата-анасы полицияға жүгінгенімен, тергеу белсенді жүргізілмеген: дәлелдер алынбаған, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалмаған. Ақтоғай ауданының тергеушісі қылмыстық істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтату туралы қаулы шығарған.
Осыдан кейін іске адвокат Ерсін Рахметов араласып, істің қайта қаралуына және күдіктінің жауапкершілікке тартылуына қол жеткізген.
"Патриот" Telegram-арнасының хабарлауынша, Қарағанды облыстық ювеналды сотының судьясы Дулат Бурабаев жасөспірімді ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі — кәмелетке толмағанға қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған 1 жыл 6 ай бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
"Заң бойынша бұл қылмыс орташа ауыр санатқа жатады. Сотталушының кәмелетке толмағанын және бұрын сотталмағанын ескере отырып, 1 жыл 6 айға бостандығын шектеу және 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеу жөнінде үкім шығарылады", – делінген үкімде.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік