Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге арналған пилоттық жоба іске қосылды

Қарағанды облысында алғаш рет сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және оларды еңбек қызметіне кезең-кезеңімен бейімдеуге бағытталған пилоттық жоба басталды. Жобаны Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы, Qarmet компаниясы, Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өңір прокуратурасының үйлестіруімен және Қарағанды облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Аталған бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы маусым айында құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасы аясында қолға алынған.

"Кәсіпкерлерімізді қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері жанынан түрлі өндірістер ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырамын. Мұндай өзара тиімді әріптестік шетелде кеңінен таралған. Түскен қаражат сотталған азаматтың бостандыққа шыққаннан кейін өз аяғына тұруына көмектеседі, ал алған дағдылары лайықты жұмыс табуына мүмкіндік береді", – деді мемлекет басшысы.

Жобаға қатысушылар компанияның әртүрлі өндірістік нысандарында жұмысқа тартылады. Жұмыс беруші тарапынан тұру орны, күніне үш мезгіл тамақ, арнайы киім және қажетті тұрмыстық жағдайлар қамтамасыз етіледі. Жоба үш айға есептелген. Оған қоғамдық қауіптілігі төмен, оң мінездемесі бар және еңбек етуге дайын екені расталған бас бостандығынан айырылған адамдар қатысады. Белгіленген режимнің сақталуы мен қауіпсіздік тәулік бойы ҚАЖД қызметкерлерінің бақылауында болады.

 

"Біз адамға мамандық алып, жалақы табуға және бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмір бастауға мүмкіндік беретін жағдай жасаймыз. Бұл Қазақстан азаматтарын әлеуметтендіруге қосқан үлесіміз әрі өңірдің тұрақты дамуына қосқан үлес", – деп атап өтті Qarmet АҚ басқарма төрағасы Вадим Басин.

Жоба мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін қалыптастырып, үдерістердің ашықтығын, қатаң бақылауды және заңнаманың толық сақталуын қамтамасыз етеді. Пилоттық кезең аяқталған соң ведомствоаралық жұмыс тобы бағдарламаның әлеуметтік, экономикалық және құқықтық тиімділігіне жан-жақты баға береді. Нәтижесі оң болса, бұл тәжірибені Қарағанды облысындағы өзге кәсіпорындарға да кеңейту жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Бекболат Шакиров жобаның мақсаты туралы айтып берді.

"Жобаның басты мақсаты – адамдарға нақты еңбек тәжірибесін және кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру. Бұл олардың бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге тезірек бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар бұл модель түзеу мекемелерінде сотталғандарды ұстауға кететін шығындарды қысқарту арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді", – деді Бекболат Шакиров.

Айта кетейік, бұл Qarmet компаниясының әлеуметтік бейімдеу бағытындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін компания өңірлік ҚАЖ департаментімен бірлесіп Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД-ның №29 және №31 мекемелері базасында тігін цехтарын ашқан. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы Qarmet компаниясының әлеуметтік жауапкершілік саласындағы жүйелі саясатын көрсетеді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 11:14