Ерекше қажеттілігі бар балаға мерзімі өткен дәрі берген медбике сотталды
Фото: pixabay.com
Қарағанды облысының Петровка ауылында ерекше қажеттілігі бар балаға жарамдылық мерзімі өткен құрысуға қарсы дәрі бергені үшін медбике әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы баланың анасы миында органикалық зақымдануы мен эпилепсия дерті бар ұлының жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана білген. Анасы баласына берілген дәрі-дәрмекке күмәнданып, тиісті органдарға шағым түсірген.
Бұған дейін бірнеше ай бойы оң нәтиже көрсетіп, ұстамасыз жүрген бала кенеттен ауыр эпилепсиялық ұстамаға ұшырап, есінен танып қалған. Осы жағдайдан кейін ғана анасы амбулаториядан берілген дәрінің мерзімі өтіп кеткенін анықтайды.
"Бұл жағдай адам өміріне қауіп төндіреді. Мұндай жауапсыздықты ақтауға болмайды. Бұл – жай ғана салғырттық немесе адами қателік емес, бұл өрескел заң бұзу. Мұның заңды жауабы болуы тиіс. Мен бұл істі жай қалдырмаймын. Ешкімнің менің баламның денсаулығына нұқсан келтіруге құқығы жоқ", – деді баланың анасы Алия Москаленко.
Аудандық аурухананың деректеріне сүйенсек, медбике дәріні берген кезде оның жарамдылық мерзімін тексермеген. Баланың анасы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жүгінгеннен кейін тексеру жүргізіліп, тәртіп бұзу фактісі анықталды.
Департамент өкілінің айтуынша, препаратқа рецепт 2024 жылғы 31 желтоқсанда жазылған, бірақ дәрі науқас баланың анасына тек 2025 жылғы 22 мамырда ғана берілген. Осы уақыт аралығында ол бірнеше рет дәрі сұрап келген, алайда препарат уақытында қолына тимеген.
"Петровка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды”, – деді департамент өкілі.
Алайда баланың анасы қабылданған шара жеткіліксіз деп санайды. Егер дәрі-дәрмектің салдарынан баласының денсаулығына нақты зиян келгені дәлелденсе, ол сотқа жүгінуге ниетті.
"Сонда менің баламның өмірі 300 мың теңгемен өлшеніп отыр ма? Қазір ол жоспарлы ем қабылдап жатыр. Толық медициналық қорытынды шыққан соң, мен нақты қадамға барамын", – дейді Алия Москаленко.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы медбикеге айыппұл салынғанын растады және аталған жағдай басқарманың бақылауында екенін атап өтті.
Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды облысында ерекше қажеттігі бар балаға мерзімі өтіп кеткен дәрі берілгенін жазғанбыз.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
