Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қар қызғылт реңкке боялған": Ақтаулықтар ерекше құбылысты байқады

Ақтау маңында жұмыс істейтін тұрғындар қардың ерекше түсіне назар аударған. Аймақ орталығының кейбір бөліктерінде қардың қызғылт реңкі бары байқалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Lada.kz

"Қардың қызғылт реңкі бар. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Камера бұл түсті дұрыс жеткізбейді, бірақ көзбен қарағанда айқын байқалады. Алғашында маған солай көрінді ме деп ойладым. Бірақ әріптестерімнен сұрасам, олар да дәл осындай түсті көріп тұрғанын айтты. Интернеттен іздеп көрдім, мұндай жағдайдың су балдырларына байланысты болуы мүмкін екен", – дейді куәгерлер.

"Эко Маңғыстау" қоғамдық бірлестігінің директоры Кирилл Осин мұндай түстің оптикалық иллюзия болуы мүмкін екенін айтты.

Басқа дереккөздерде мұндай құбылыстың теориялық тұрғыдан мүмкін екенін растайды. Ғалымдар оны "қарбыз қар" немесе "мұздық қаны" деп атайды.

Қызғылт реңк қарда өмір сүретін балдырлардан болуы мүмкін. Бұл балдырлар тек күн сәулесі түскен кезде қарға ерекше түс береді. Бірақ бұл қарды жеу – денсаулыққа қауіпті. Chlamydomonas nivalis балдырлары төмен температурада өмір сүре алады және ультракүлгін сәулелерден қорғану үшін арнайы пигмент бөледі. Бұл пигменттің құрамында сәбізде, қызанақта және бұрышта кездесетін каротиноидтар бар. Дәл осы пигмент өсімдіктерге, балдырларға және бактерияларға сары, қызғылт-сары және, кейде, қызғылт реңк береді.

Мұндай құбылыс көбіне жаз мезгілінде биік таулы аймақтарда немесе полярлық жағалауларда кездеседі. Мысалы, АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сьерра-Невада тау жүйесінде. Ақтауда қар жауатын күндер өте сирек болғандықтан, бұрын-соңды мұндай жағдай кездеспеген.

Айта кетейік, бұған дейін "Қазгидромет" мамандары Ақтауда күшті қар жауып, боран соғатынын болжаған еді. Қала коммуналдық қызметтері 20 ақпан күні-ақ дайындық жұмыстарын бастап, түнде жолдарға құм мен тұз қоспасын сепкен еді.



Еске салайық, бұған дейін Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында су қызыл түске боялып, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды. Жұрт экологтардан көмек сұрады. Ақтау қаласының экологы Кирилл Осиннің айтуынша, бұл құбылыс жыл сайын қыс мезгілінде, балдырлардың белсенді түрде гүлдей бастаған кезінде болады. 

Талқылау