Қапшағай жанындағы туристік базада 11 жасар бала тоққа түсіп көз жұмды
Фото: Freepik.com
24 мамыр күні Қапшағай жағалауында 11 жасар баланы тоқ ұрып, мерт болды. Қайғылы жағдай туралы баланың әпкесі әлеуметтік желіде тараған видеода айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Балаға көмектеспек болған адамдарды да тоқ соққан. Әйел адамның айтуынша, клуб маңындағы жабайы жағажайда құмды төбелер мен көзге көрінбейтін салбырап тұрған электр желісінің сымдары бар.
"24 мамыр күні шамамен түскі 12-де менің жиенім барханға ойнауға шыққан. Ол аспанда көзге көрінбейтін салбыраған сымды байқамай қалған болса керек. Салдарынан ол тоқ соғып қайтыс болды. Бұл туралы қорытынды да бар. Әжеміз оның денесін тапқанда айқайлап жіберді. Оған көмекке жүгіріп барған қызды да тоқ соғып, денесін екінші дәрежелі күйік шалды. Ағама "басыңды бүк" деп айқайлап үлгердік. Тағы бір жігітті де ток ұрды", — деп хабарлады әйел.
Оның айтуынша, жағажайда ескерту белгілері болмаған.
“Әкімдік бұл мәселені білген, өйткені былтыр дәл сол жерде олардың сиырларын тоқ соққан. Бірақ демалушылардың қауіпсіздігі үшін ешқандай шара қабылдамаған. Кіреберісте ешкім ескертпеді, аймақ қоршалмаған, ешқандай ескерту плакаттары да жоқ", — деп атап өтті ол.
Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, аймақтағы электр желілері жекеменшікке тиесілі.
"Қайғылы оқиғадан кейін бағаналар жағажайдан алысқа көшірілді. Аталған факті бойынша Қонаев қалалық полиция басқармасы қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда", — деп мәлімдеді Қонаев әкімдігі.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
