Қаңтар оқиғасын "мәмбеттер революциясы" деп атады: Қазақстанда редакторға қарсы шыққан БАҚ журналистері жұмыстан шығарылды
"Медиазона.Орталық Азия" онлайн-басылымының журналистері Мадина Қуанова мен Никита Данилин редактордың этикаға жат сөздерін әшкерелеп, кейіннен жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Никита Данилин мен Мадина Қуанова – “Медиазона. Орталық Азия” басылымынан жұмыстан шығарылған журналистер
“Медиазона. Орталық Азия” басылымның редакторы редакцияның жұмыс чатында Алматыдағы қаңтар оқиғасын "мәмбеттер революциясы" деп атаған. Журналистер оған наразылық танытқаны үшін олар алдын ала ескертусіз бір күнде жұмыстан қуылды.
“Бұл редактор үшін барлық қазақтар – мәмбеттер, ал қаңтардағы оқиғалар – "мәмбеттер революциясы" (менде хаттардың скриншоты сақтаулы). Осындай пікір айтатын адам "адам құқықтарын" қорғайтын “Медиазона.Орталық Азия” либералды басылымында негізгі шешімдерді қабылдап, соның ішінде қызметкерлерді жұмыстан босату мәселелерін қарастырады", – деп жазды Twitter желісіне басылымның бұрынғы журналисі Никита Данилин.
Данилиннің айтуынша, редактор Қаңтар оқиғасына қатысқандарды азаптау мәселесін " мәні кеткен екінші дәрежелі тақырып" деп санап, үнемі "ксенофобиялық, мизогиндік және сексистік" сөздерге жол берді. Кейін ол редактордың атын атап, пікір иесінің есімі Петр Бологов екенін мәлімдеді.
“Редактордың зорлық пен жыныстық қатынасты, бүлік пен митингілерді ажырата алмағаны өкінішті. Ол үшін кез келген нұротандық — Назарбаевтың жақтасы, — деп жазды басылымнан шығарылған журналист Мадина Қуанова.
Екі журналистің айтуынша, олар 21 қазанда команда басшысының пікірін талқылауға тырысқаннан кейін алдын ала ескертусіз жұмыстан шығарылды. Оларға басқа жұмыс табуға уақыт берілмеген. Кішкентай баласы бар Қуанова бұл жағдайдың кесірінен екі күн жылағанын айтып, басылым басшылары компенсация төлеуге ниеттенбегенін де тілге тиек етті.
"Медиазона" – 2014 жылы құрылған ресейлік либералды басылым. Ол азаматтардың саяси көзқарастары үшін қудалау, сондай-ақ сот, құқық қорғау мәселелерін қозғайды. Басылымның Беларуссия мен Орталық Азияда филиалдары бар.
2020 жылы "Медиазона.Орталық Азия" жобасы құрылып, сол кезеңнен бері Қазақстаннан Мадина Қуанова мен Никита Данилин жұмыс істеді.
Ал Петр Бологов – ресейлік журналист, редактор. РИА Новости, Лента, РБК және басқа да бірқатар БАҚ-та жұмыс істеген. Өзін посткеңестік елдер бойынша сарапшы және тәуелсіз журналист ретінде көрсетеді.
Кейіннен “Медиазона.Орталық Азия" басшылығы жұмыстан шығарылған журналистердің мәлімдемелеріне қатысты Telegram-арнасына түсініктеме берді.
“Никита мен Мадинаны ұзақ уақытқа созылған түсініспеушіліктер және редакторлармен қарым-қатынасына байланысты жұмыстан босаттық. Бұл бірнеше айға созылды және оған тек Twitter-дегі жазбалар әсер еткен жоқ. Екеуі де жақсы журналистер, бірақ, өкініштісі, біз бірлесіп жұмыс істей алмадық”, – деп жазды басшылық.
Олардың мәлімдеуінше, журналистерге келісімшарт аяқталғанға дейін 10 күн бұрын жұмыстан босату туралы шешім айтылды. Редакция өз қателіктері ретінде компенсация туралы толық ақпарат бермегендерін мойындады.
“Бұл үшін Мадина мен Никитадан кешірім сұраймыз. Екі айдың жалақысы бойынша өтемақы бір апта ішінде төленді”, – деп түсіндірді Медиазона.
"Медиазона.Орталық Азия” редактор тарапынан белгілі бір ұлтты қорлайтын сөздер айтылғанын растап, экс-журналистердің мәлімдемесін жоққа шығармады.
“Жеке және жұмыс хат-хабарлар тобында редакторлардың бірі лайықты қоғамда орынсыз сөзді қолданды (мысалы, ол "мәмбет"деген қорлайтын сөзді айтты). Мүмкін басқа да сөздер болған шығар. Қандай да бір контекстіге қарамастан, "Медиазона" және оның қызметкерлеріне кез келген қорлайтын, бейәдеп сөздерді қолдануға жол берілмейді”, – деп жазылған мәлімдемеде.
Редакция оқырмандарынан кешірім сұрап, басылым мүшелері мұндай пікірде емес екенін айтқан. Басшылықтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты тренингтер жүргізіліп, енді мұндай жағдай тағы қайталанса, қызметкерлер жұмыстан қуылады. Алайда пікір иесі жұмыстан шығарылмады.