Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов 15 жылға сотталды
Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Сот Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовты қызмет бабын асыра пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпты деп танып, оны 15 жыл 6 айға соттады. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметке тағайындалу құқығынан өмір бойына айырылды.
Бұған дейін тергеу Руслан Ысқақовтың ұзақ уақыт бойы "Дикий Арманның" ұйымдасқан қылмыстық тобын жасырып келгенін айтып, 5 қаңтарда Алматыдағы алаңға адамдарды жинап, аттануға тапсырма бергенін растаған еді.
Еске салайық, 45 адам қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталды. Жәбірленушілердің жалпы саны – 24. Мемлекеттік құпиялардың болуына байланысты және жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін сот процестері жабық өтті.
Полковник Ысқақов бұрын сотта Қаңтар оқиғасы кезінде оған Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген еді.Олар Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтпауым үшін осыған барып отыр (сотты жабық өткізуге), – деген еді Руслан Ысқақов сотта сөйлеген сөзінде. Сонымен қатар Руслан Ысқақов Арман Жұмагелдиевті қамау туралы нұсқау шетелден түскенін айтты. Алайда қай елден екенін ашып айтпаған.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасында ұсталған Қайрат Құдайберген 8 жылға, ал Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталғаны туралы жазған едік.