Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңғыбасқа айналған танымал чемпион ақыры баспаналы болды

Танымал алматылық қаңғыбас-чемпион ақыры оңалту орталығынан кететін болдым. Максим Цыганков сөмкесін таңертең даярлап қойған. Енді мұнда қайтып келмесем екен деп отыр, деп хабарлады КТК арнасы.

Қаңғыбасқа айналған танымал чемпион ақыры баспаналы болды

«Жұмыс істеп, өмірімді ақ қағаздан бастаймын», – дейді Максим.

Ол жұмыс орны ретінде бір жерді көздеп тұрғанын, алайда тұрақты түрде орналаспайынша жария еткісі келмейтінін айтты.

Әлеуметтік оңалту орталығының қызметкерлері Максимді құшақтап, оған ақыл-кеңестерін айтып шығарып салды. Мұндағылар оны кез келген уақытта құшақ жая қарсы алуға дайын екенін жеткізді. Тек қонақ ретінде. Енді бұрынғы атлеттің өмірі түбегейлі өзгермек.

«Біздің Максим толықтай айығып шықты, оған достары көмектесті. Міне, Ирина жүгіріп жүр. Бізге сіздердің бағдарламаларыңыз көмектесті. Біз 15 күннің ішінде оған куәлік жасап бердік, ал достары оған барлық айыппұлдарын төлеуге жәрдемдесті. Енді ол жұмысқа да орналаса алады, ал біз қуаныштымыз», – дейді Алматыдағы әлеуметтік оңалту орталығы директорының орынбасары Ләззат Зәкірбаева.

Халықаралық деңгейдегі спорт шебері Ирина Брейгина өзінің досы әрі әріптесінің қаңғыбасқа айналғанын естіген кезде оған алғашқылардың бірі болып көмек көрсетті. Ол спортшы танитын жандардың барлығына дерлік хабарласып, оның ауыр тағдыры туралы баяндады. Ал таныстары өз кезегінде бұл жайттан шет қалған жоқ. Олар арнайы қор құрып, Максимге арнап қаржы жинап қойды. Тіпті, оған баспана тауып берді.

Әзірге бұл бір үйдің жалға беріліп отырған бөлмесі. Есесіне тау етегінде.

«Азға қанағат тұтайық. Меніңше, біздің хикаямыз сәтті аяқталды.Бірдеңеге болса да қол жеткіздік. Ол аман-сау, біз оған ауруынан айығып шығып, өзін қайта адам сезінуіне мүмкіндік бердік. Енді ол алға қарай қадам басқысы келіп отыр. Бұл соншалықты қиын жұмыс болған жоқ. Оған қаражат жинап берген жандарға мың алғыс. Солардың арқасында әзірге жұмыссыз отырған Максимнің шығындарын өтей аламыз», – дейді Ирина Брейгина.

Спорттық гимнастикадан КСРО-ның екі дүркін чемпионы Максим Цыганков туған әпкесі оның пәтерін иемденіп алғаннан кейін үйсіз қалды. Кейіннен спортшының ұрлық жасағаны және өзін-өзі қорғау мақсатында әрекетін асыра пайдаланғаны үшін сотталғаны белгілі болды. Алайда бұл проблемалардың бәрі енді өткеннін еншісінде дейді Максимнің өзі. Кеше ол жұмыс іздеуге кірісті. Ол болашағының жарқын болатынынан үмітті.

 

Талқылау