"Қанды бұзбаңдар": Бүркіт ұлдарының өзге ұлттан қыз алуына қарсы шықты
Бүркіт – өзге ұлттан қыз алған әншілердің бірі. Аиша екеуі бүгінде үш баланың бақытты ата-анасы. Әйткенмен, екі ұл өсіріп отырған Бүркіт болашақта олардың өзге ұлттан келін әкелуіне қарсы. Бұл туралы ол "Жұлдыздың жары" бағдарламасында айтты.
Осыдан 11 жыл бұрын Бүркіт Викторияны шаңырағына келін етіп әкелгенде әншінің анасы қарсы болмаған. Керісінше қуанған. Ал ғұмыр бойы әскери қызметте істеп, балаларын қатал тәрбиелеген әкесі Аишаны бірден ұнатпаған көрінеді.
"Анам жақсы қабылдады. Ең алғашқыда Аишаны бейнебаянға түсірген кезде анам көріп: "Мына қыз жақсы ғой", деді. Менің анам адам таниды. Жақсы екенін білетінмін, анамның сөзінен кейін ойланып қалдым. Беташарға алып келгенде анам бірінші болып қуанған", - дейді Бүркіт.
Ал өз ұлдарына келгенде Бүркіт олардың өзге ұлттан келін әкелуіне қарсы екенін білдірді. Әйткенмен, соңғы шешімді өздеріне қалдыратынын жеткізді. Айта кетейік, Бүркіттің Зейін және Омар есімді қос атұстары бар.
"Оны көре жатармыз, өздеріне байланысты. Мен әрине "қазақтың балаларысыңдар, қандарыңды бұзбаңдар" деп айтамын. Бірақ таңдау өздерінде болады. Қазір заман өзгеріп жатыр", - дейді Бүркіт.