Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қандай жағдайда АЭС салу бойынша референдум өтті деп есептеледі – Орталық сайлау комиссиясы жауап берді

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум қандай жағдайда өтті деп есептелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасарының сөзінше, тізімге енгізілген азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. 

"Республикалық референдум туралы Конституциялық заңды басшылыққа алсақ, онда референдумға қатысу үшін тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының жартысынан астамы қатысқан жағдайда республикалық референдум өтті деп есептеледі. Нақты цифр әлі белгісіз. Ол дауыс беруге 20 күн қалғанда белгілі болады", – деді Петров. 



Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім дауыс бергендердің жартысынан астамы, яғни 50 пайыздан көбі оң жауап берсе, қабылданады.

Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда атом электр стациясын салу бойынша референдумда қандай сұрақтар қойылатынын айтты.

"Республикалық референдумда "Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?" деген маңызды сұрақ қойылады. Республикалық референдум өткiзу күнi белгiленген кезден бастап тиiстi сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын жүзеге асырады.Олар референдумды дайындау мен өткізуді де ұйымдастырады”, – деді Әбдіров.

Еске салайық, мемлекет басшысы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін хабарлаған еді. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылаулар өтті. Талқылау соңы қақтығыс пен дауға ұласты. АЭС салу керек деген топ Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға беретінін және бұған балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен Күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз екенін айтты.

Талқылау