Канадалық Laramide компаниясы Қазақстанда уран барлау жобасынан бас тартты

Канадалық Laramide компаниясы Шу–Сарысу уран бассейніндегі барлау жобасынан шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шетелдік компанияның бұл шешіміне салаға қатысты заңнаманың қатаңдатылуы болған.
“Laramide компаниясы Шу–Сарысу бассейніндегі жоба бойынша Aral Resources-пен жасалған келісімді дереу бұзады. Аталған келісім 5,5 мың шаршы шақырымнан асатын аумақта барлау жүргізуге мүмкіндік беретін. Бұл учаскелер "Қазатомөнеркәсіптің" ең ірі жұмыс істеп тұрған кеніштерімен шектеседі”, – делінген Laramide хабарламасында.
Инвестор 2024 жылдың соңынан бастап барлау бағдарламасын қаржыландырып келген, ол үшін Aral Resources-пен үш жылдық келісім жасалған. 2025 жылдың күзінде 15 мың метр бұрғылау жұмыстарын бастау жоспарланып, техника да алдын ала дайындалып қойған көрінеді.
Компания жобадан шығу себебінің 2025 жылдың соңында қабылданған Жер қойнауы туралы кодекске енгізілген өзгерістер екенін мәлімдеді. Жаңа ережелерге сәйкес, жаңа уран жобаларында "Қазатомөнеркәсіптің" үлесі 50%-дан 75%-ға дейін, ал қолданыстағы келісімшарттар ұзартылған жағдайда 90%-ға дейін ұлғаяды.
Бұдан бөлек Laramide салықтардың өсуі мен бюрократиялық кедергілерге де шағымданды. Компанияның мәліметінше, өнеркәсіп министрлігіндегі рұқсаттардың кешіктірілуі салдарынан өткен жылға жоспарланған жұмыстар толық орындалмай қалған.
“Қазақстан өз қақпасына гол соқты. Олар кез келген жаңа кен орындарының олар табылмай тұрып-ақ, меншік құқығын өздеріне кепілдендіріп алуды көздеп отырған секілді", – деп мәлімдеді Laramide компаниясының бас директоры Марк Хендерсон.
Laramide компаниясы Қазақстанда уран саласына шетелдік инвестиция салудың бұдан былай экономикалық мәні жоқ екенін атап өтті.
“Біз көңіліміз қалды, өйткені акционерлеріміз келешегі бар өңірге қол жеткізу мүмкіндігінен айырылды. Алайда, екінші жағынан, бұл мүмкіндік өзге барлық коммерциялық компаниялар үшін де жабылды. Қазір сала ұсыныс тапшылығына тап болып отыр, ал мұндай геосаяси оқиғалар әлемдік қорларды толықтыруды ынталандыру үшін уран бағасы өсуі тиіс екенін тағы бір мәрте растайды”, – деді Хендерсон.
Шетелдік компания басшысы ұлттық компанияның барлау жұмыстарын өз күшімен тиімді жүргізе алатынына күмәнмен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, “Қазатомөнеркәсіптің” ресурс базасы жақын уақытта жедел қысқара бастайды және 2057 жылға қарай толық сарқылуы мүмкін.
"Мерзімі мен сомасы құпия": Қазақстан енді Жапонияға уран жеткізетін болды
Бірінші қазақстандық АЭС отандық уранмен жұмыс істейді
Laramide компаниясының шағымына “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы жауап берді.
"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Laramide Resources Ltd және Aral Resources Ltd компанияларымен бірлескен кәсіпорындары, шарттық қатынастары немесе ортақ жобалары жоқ екенін және бұрын да болмағанын ресми түрде мәлімдейді. Жарияланымда аталған жобалар мен шешімдер үшінші тараптардың бастамалары болып табылады және Қазатомөнеркәсіптің қызметіне қатысы жоқ. Қазатомөнеркәсіп материалда көрсетілген уран барлау жобаларының қатысушысы болып табылмайды және серіктестік немесе шарттық қатынастары жоқ компаниялардың коммерциялық шешімдері мен мәлімдемелеріне түсініктеме бермейді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ “Қазатомөнеркәсіп” Laramide Resources Ltd компаниясы келісім жасасқан "Aral Resources Ltd" компаиясының барлау лицензияларының қатты пайдалы қазбаларға берілгенін және уран ресурстарын көздемейтінін атап өтті.
“Жарияланымда сөз болып отырған, Laramide Resources Ltd компаниясы опциондық келісім жасасқан "Aral Resources Ltd" компаниясының жалпы ауданы 5,5 мың км² аумақты қамтитын барлау лицензиялары қатты пайдалы қазбаларға (ҚПҚ) берілген және ықтимал уран ресурстарына айрықша құқықтарды көздемеген. Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасында уран өндіруге басым құқыққа бұрыннан бері ие. Яғни, үшінші тарап уранды барлауды бастаған кезде, кейін оны өндіру жұмыстарына қатысты шектеулердің бар екендігін білген”, – делінген хабарламада.
Компания геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті қаржылық ресурстарға, білікті кадрларға, технологиялық құзыреттер мен өндірістік инфрақұрылымға ие екенін атап өтті.
“Игеру қарқыны мен көлемі жөніндегі шешімдер саланың ұзақ мерзімді мүдделері мен минералдық-шикізаттық базаны ұтымды пайдалану қағидаттарын ескере отырып қабылданады. Осыған байланысты Қазатомөнеркәсіп ақпарат кеңістігінде айтылған жекелеген мәлімдемелерді негізсіз және шындыққа сәйкес келмейді деп санайды”, – делінген мәлімдемеде.
Еске салсақ, бұған дейін уран бағасы рекордтық деңгейге жетіп, "Қазатомөнеркәсіп" акциялары өскені туралы жазған едік.
"Жарыңа деген сенімсіздік немесе бала-шағаңмен далада қалу": Неке шартына қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды