Павлодардағы сауда орталығында 4 жасар бала биіктен құлап кетті (видео)
Павлодарда сауда орталығындағы ойын-сауық саябағында балалар лабиринтінде ойнап жүрген 4 жасар бүлдіршін бес метр биіктен құлап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram vseobovsem_pvl
Оқиға туралы зардап шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде хабарлады.
"4 жасар балам бес метрден астам биіктен құлап кетті. Мұрнынан және аузынан қан кетіп, қатты қорқып, миы шайқалды. Ортаншы ұлым кенжесінің артынан құлап кете жаздады", – дейді павлодарлық.
Оқиға орнында түсірілген видеодан баланы бекітуге арналған белдіктердің кей жерлерде бір-біріне дұрыс бекітілмегенін байқауға болады.
Облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкеневаның айтуынша, зардап шеккен бала мен оның анасы қазір Павлодар облыстық балалар ауруханасында жатыр.
"Бала дәрігерлердің бақылауында. Анасы полиция шақырған. Бұл оқиғаны жеке бақылауыма аламын. Анасымен үнемі байланыстамын", – деді Шәкенева.
Полиция оқиғаның Павлодардың Оңтүстік полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлады.
"Жарақаттанған кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды. Жағдайға байланысты бала сауыққаннан кейін ауру тарихына сүйеніп, сот-медициналық сараптама тағайындалады. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу шаралары аясында жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", – делінген полиция хабарламасында.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген павлодарлықтар балалар ойын-сауық орталықтарының барлығының қауіпсіздігін тексеруді сұрайды.
"Ата-ананы ол жерге кіргізбейді. Тіпті жабдықтың жағдайын да көре алмаймыз. Барлығын тексеру керек", – деп жазды павлодарлықтар.
Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, балалары сауда ойын-сауық орталығында атасымен бірге болған. Оқиға кезінде ұлы екі ағасымен ілулі лабиринтте ойнап жүрген. Аттракцион 4 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылы 9 мамыр күні Атыраудағы балаларға арналған ойын орталығында жасөспірім қыз биіктен құлап, жарақат алғаны туралы жазған едік.