Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кәмпит, мандарин, апельсин саттым": Бишімбаевтың анасы өзінде 1 миллион доллардың қайдан пайда болғанын түсіндірді

Бишімбаевтың анасы миллиард долларды қайдан алғанын айтты

Фото:Жоғары сот

Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова сотта өзінен туысы алдап алды деген 990 мың долларды (шамамен 453 миллион теңгені) қайдан тапқанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотта прокурор оның отбасында мұншама қаражаттың қайдан болғанын сұрады. Нұрлыбекованың айтуынша, ол бұл ақшаны жылдар бойы адал еңбегімен тапқан.

Ол 1993 жылдан бастап кәсіппен айналысып, 2003 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде Қызылордада кәмпит, мандарин және апельсин сатумен айналысқан. Таразда жеке мектеп, кейін SPA-салон ашқан.

"Кейін ғимараттар мен екі қабатты үйімді сатып, Әулие – Ата университетін аштым. 2007 жылы бір ғимаратты 1 миллион долларға саттым", – деді ол сотта.

Кейін Шымкентке көшіп, түлектерге жұмысшы мамандығын үйрету, кеңес беру компаниясын ашу және тіс дәрігерлеріне арналған химиялық препарат өндірумен айналысқан. Осылайша, оның айтуынша, миллион долларды заңды жолмен тапқан.

"2017 жылы Антикор барлық мүлкімізді, табысымызды толық тексерді. Тексеру нәтижесінде бәрі адал еңбектің нәтижесі деп танылды", – деді Нұрлыбекова.

Оның сөзінше, айыпталушы Бекзат Кемелова – күйеуінің туысының әйелі, оны 15 жылдан бері таниды. Бұрын олардың арасында сенімді, іскер қатынас болған.

Нұрлыбекованың айтуынша, Кемелова “үйде тінту болады” деп қорқытып, ақшаны өзіне сақтауға беруге көндірген. Осылайша ол Бекзатқа шамамен 990 мың долларды сеніп тапсырған.



“Бекзат ақшаны қайтарамын деді, бірақ кейін түрлі сылтау айтып, ‘ақшаны біреу Америкаға алып кетті’ деп құтылды”, – дейді Нұрлыбекова.

Кейін Бишімбаевтар отбасы мәселені шешу үшін Кемелованың күйеуімен сөйлескен. Осыдан соң Бекзат Нұрлыбековаға хабарласып, жылап тұрып:

“Неге күйеуіме ақша туралы айттың? Ол мені ұрып-соқты, бүйрегім ауырып қалды. Мен тек көмектескім келген еді”, – деген.

Еске салайық, бұрын Бишімбаевтың ата-анасы өз туыстары – Қайрат пен Бекзат Кемеловтермен соттасқан еді. Альмира Нұрлыбекова Бекзатты шамамен1 миллион доллар көлемінде алаяқтықжасады деп, ал оның күйеуін жалған ақпарат таратты деп айыптаған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 14:37
Талқылау