Қамқорлыққа алған баласы үшін соттасып жатқан отбасы қоғамнан көмек сұрады
Бөбектер үйінен қамқорлыққа алған баласын туған анасына бермей, соттасып жатқан Меңлібаевтар отбасы қоғамнан көмек сұрап отыр. Бүгін Алматыда асыранды балалары бар ата-аналар қауымдастығы, дағдарыс орталықтары одағы мен қайырылымдылық қор мүшелері бірігіп, 2 жастан енді асқан Жеңісті бауырына басып отырған асыранды ата-ананы қолдап, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды, – деп жазды 31 арна.
Құрсақ көтере алмай жүріп, тастанды баланы қамқорлыққа алған Гүлжан Қилыбаева күйеуімен бірге 1,5 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып жүр. Былтырғы жылы Жоғарғы сот бала биологиялық анасына қайтарылсын деген үкім шығарған екен. Дегенмен Меңлібаевтар отбасы титімдей шақалағын шырқыратып, туа сала перзентханаға тастап кеткен көкек анаға сәбиімізді қайтармаймыз -деп бекініп отыр.
«Бірінші баламды қолыма алған кезде, невропатолог маған диагноз қойған миопатическая болезнь деп, мен қорықтым балам жүрмейтін шығар деп. Бірінші балам отырғанда біз қалай қуандық, одан кейін тәй-тәйлап басты, одан жүре бастады. Анасы оның барлығын көрген жоқ. Қазір бала сезіп жүр, мені қайта-қайта құшақтап, “мама, мама” деп, жылайды. Қалай беремін мен, 2 жастағы бала бәрін түсінеді»,-дейді қамқоршы Гүлжан Қилыбаева.
Қилыбаеваның айтуынша, құжаттары әзір болғанына қарамастан бөбектер үйі бүлдіршінді бірден асырап алуға қарсы болған. Жарты жылдан кейін асырап алу жұмыстары басталғанда, сот туған анасын шақырып, одан рұқсат алу керектігін айтқан. Дәл осы кезде 3 қайтара Жеңістен бас тарту туралы қағаз жазған биологиялық ана, баланы өзіне қайтаруды талап еткен.
«Әлі баланы асырап алған жоқ, тек қамқоршылыққа алынған, сондықтан құпиялықты сақтауға міндетті емеспіз -деген жауап алдық. Бірақ алдын ала баланы асырап аламыз деп келген кезде, олар бала асырап алуға емес, біріншіден қамқоршылыққа алыңыз деп, құжаттарды соған дайындаған. Бірақ келесіде, қамқоршылықтан кейін баланы асырап аламыз деп келіп отыр ғой. Сондықтан сол құпияны сақтау керек еді»,-деді заңгер Хорлан Қасен.
Ал биологиялық ананың бұл ісіне өкінетінін, баласын қайта бауырына басқысы келетінін біз оның заңгері Оксана Буряктан білдік. Оның айтуынша, әркімнің қателесуге құқығы бар. Аяғын шалыс басқан келіншек бұл қадамға баланың әкесі өзін тастап кеткендіктен барды -дейді ол.
«Бұл баланың әкесі баланың дүниеге келуіне соңғы апталар қалғанда жоғалып кетіп, ізін суытқан. Тамақтанатын, өзін-өзі асырайтын ақшасы жоқ, жаңа туған сәбимен қыстың ортасында жалғыз қалуға қорыққан»,-дейді заңгер Оксана Буряк.
Келесі аптада баланы дүниеге алып келген келіншек пен оған қамқор болған отбасы Алматы қалалық сотында қайта кездеседі. Жеңістің туған анасы камералар алдында бет-жүзін көрсетуге қарсы болғандықтан, сот жабық түрде өтуі әбден мүмкін.