"Қамқорлық көрсетумен" айналысқан: Алматыда күзет қызметі кәсіпкерлерге қысым көрсетіп қорқытқан
Алматыда кәсіпкерлерге қысым көрсеткен қылмыс әлемінің өкілдері ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыс құрылымдарының бизнеске қысым көрсету фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр.
Алматыда жүргізілген жедел шаралар барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен, күзет қызметі түрінде жұмыс істеген қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты.
Бұл топтың бейресми қызметкерлері қылмыстық орта өкілдері болған. Олар қақтығыс жағдайларын тудырып, арандатушылық жасап, объектілерді басып алып, кейін "қауіпсіздік қызметін" ұйымдастырған.
Ішкі істер министрлігіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, былтыр 23 қарашада қылмыстық топ караоке-барға баса-көктеп кіріп, иесі мен күзетшілерді соққыға жыққан.
"Полицияға қылмыстық топтың 10 мүшесі жеткізілді, олардың алтауы қамауға алынды. 20-дан астам тінту шаралары жүргізілді. Отты және суық қару тәркіленді. Бірнеше бұзақылық пен өзімшілдік фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", – деді Қуандық Алпыс.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2024 жылы 19 қылмыстық топ әшкере болғанын жазған едік. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 жетекшісі мен белсенді қатысушылары қылмыстық жауапқа тартылды. 98 адам кісі өлтіру, тонау, бопсалау, зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарды жасады деген күдікпен ұсталды. Оның ішінде шетелдік қылмыстық жетекшілердің сыбайластары бар. Оның 40-ы сотталды, қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.