Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Камера алдында қылмыңдады": "Мисс Финляндияға" қатысты жанжал халықаралық деңгейге шықты

 Сара Джафче Фото: Видеодан скриншот

Финляндия елдің ең сұлу аруынан басталған даудың кесірінен елеулі дипломатиялық дағдарысқа тап болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл қыркүйекте “Мисс Финляндия – 2025” атағын 22 жастағы Сара Джафче иеленген еді. Оның әкесі косоволық албан, ал анасы фин. Ол өзінің фин-балқандық тегі туралы жиі айтқандықтан, бұл қоғамға “сұлулық кез келген алалаушылықтан биік” деген тағы бір белгі ретінде қабылданған еді.

Алайда қарашада Куопиодан шыққан гимнаст қыз өте әбес жанжалға қалды. Әлеуметтік желілерде оның бет терісін артқа тартып, көзін қысық көрсеткен фотосы тарады, оған қоса екіұшты жазба да қалдырған. Салдарынан ол видеожазба астында қытай тілінде кешірім сұрап қана қоймай, абыройсыз түрде тәжін басқа қызға тапсыруға мәжбүр болды.

Бірнеше халықтың өкілдері өздерінің ұлттық намысы тапталды деп есептеп, “Мисс Финляндияның” камера алдындағы қылығын нәсілшіл карикатура ретінде бағалады. Финляндиядағы сұлулық байқауын ұйымдастырушылар оның әрекетін “қорлайтын, зиянды және іс-шара құндылықтарына мүлде қайшы” деп атады.

Джафчені атағынан айырғаннан кейін биліктегі коалиция құрамына кіретін оңшыл-популистік “Нағыз финдер” партиясынан шыққан үш саясаткер – екі парламент депутаты және бір еуродепутат – әлеуметтік желілерде дәл сондай ым-ишарамен фото жариялады. Осылайша олар бұрынғы “Миссті” қолдайтынын білдіріп, байқау ұйымдастырушыларының шешімін жазаның тым ауыр түрі деп атады.

Алайда Жапония “Хельсинкидегі елшілігі арқылы Финляндия үкіметінен тиісті шаралар күтетінін және алаңдаушылық білдіретінін” жеткізді. Дипломатиялық тілдегі мұндай сыпайы тұжырымдар оқырманды жаңылыстырмауы үшін айта кетейік, бұл ресми деңгейдегі өте қатты наразылықты білдіреді.

Пекинде бұдан да қатаң мәлімдеме жасалды. Егер оқиға дұрыс реттелмесе, ол “Финляндияның ұлттық имиджіне нұқсан келтіріп қана қоймай, Финляндия мен Қытай арасындағы, сондай-ақ кеңірек азиялық қауымдастықпен қарым-қатынасты елеулі түрде әлсіретеді”. Сеул де осыған ұқсас пікір қалдырды.

Фин депутаттарының әрекеттеріне жауаптың қатал болуының үш негізгі себебі бар. Біріншіден, Джафчені қорғағандар Финляндиядағы билік партияларының бірін өкілдік етеді. Екіншіден, кейінгі жылдары жергілікті саясаткерлердің қатысуымен осындай нәсілшіл жанжалдар тым жиілеп кетті. Үшіншіден, үшеуін де “Нағыз финдер” партиясының жетекшісі Риикка Пурра қорғап шықты.

Бейресми түрде төртінші себеп те бар, Суомиде (Финляндияда) тұратын Азиядан шыққан азаматтарды фин қоғамындағы жүйелі нәсілшілдік бұрыннан-ақ мезі еткен. Билік бұған қарсы нақты шара қолдана алмай отыр, себебі көптеген фин саясаткері ксенофобиялық көзқарастарды қолдайды. Джафченің әрекеті мен оған қосылған “саясаткерлердің” қылығы шекке жетті.

Салдарынан Финляндияның премьер-министрі Петтери Орпо биліктегі коалициядағы әріптестері үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды. Оған қоса, ол мұны бірден үш тілде: қытай, корей және жапон тілдерінде жасады. 

Азиядағы әлеуметтік желіде Финляндияны және фин тауарларын бойкоттауға шақырған үндеулерге толып кетті. Ерекше қауіп аймағына ұлттық әуе тасымалдаушы Finnair да түсті, оның бүкіл бизнес-моделі Қиыр Шығыстан Еуропаға және әрі қарай Америкаға турист тасымалдауға негізделген.

Сонымен қатар жапон серіктестерімен мәдени алмасу мен кинематография саласындағы жаңа жобалар да тоқтатылды. Болжам көңіл көншітпейді, бұрынғы сенім мен іскерлік белсенділікті қалпына келтіру көп уақытты алуы мүмкін. Ресеймен байланыс үзілгеннен кейін Азия елдерінен келетін қонақтарға қатты тәуелді болып қалған Финляндияның бүкіл туризм индустриясы қауіп астында қалды. Мәселен жапониялықтар әлеуметтік желілерде қалдырған бір пікірде “Мен солтүстік шұғыласын көру үшін Финляндияға баруды армандадым. Өкінішке қарай, Финляндияның мен үшін қалыптасқан оң бейнесі толықтай күйреді… Қош бол, Финляндия!” делінген.

Ақырында, ішкі саяси қырын да естен шығаруға болмайды. Фин сайлаушыларына тағы бір мәрте елде саясатпен кейде өте таяз ойлайтын адамдар айналысатыны байқалды.

Айта кетейік, бұған дейін Сан-Францискода электр қуаты өшіп, жүздеген жүргізушісіз көлік көшеде тоқтап қалғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 25 Желтоқсан, 2025 01:58