"Толқындардың биіктігі 4 метрге жетті": Камчаткада магнитудасы 8,7 балдық жер сілкінісінен кейін цунами болды
Фото: Видеодан скрин
Тынық мұхитында және Камчатка маңында Мәскеу уақытымен 2:30-да магнитудасы шамамен 8,7 болатын жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gazeta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жер сілкінісінің эпицентрі Петропавл-Камчатский қаласынан 161 шақырым шығыста, 32 шақырым тереңдікте ораналасқан.
Бұл — 1952 жылдан бергі аймақтағы ең күшті жер сілкінісі. Цунами қаупі жарияланып, биіктігі 4 метрге дейін жеткен толқындар тіркелді. Ресей және көршілес Жапония билігі тұрғындарды жағалауға жақындамауға шақырды. Бірнеше адам зардап шеккен, әзірге қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.
Ресей төтенше жағдайлар министрілігінің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері жойқын жер сілкінісінен кейін ғимараттарды тексеріп жатыр.
“Камчаткадағы цунамиді бақылау және болжау орталығы Парамушир және Шумшу аралдарына цунамидің жақындағанын хабарлады. Кей жерлерде пеш мұржалары мен желдеткіш жүйелері жартылай қираған. Жағдай бақылауда, барлық қызметтер жұмысын жалғастырып жатыр. Тұрғындар эвакуацияланды”, – деп мәлімдеді министрлік.
Сахалин облысындағы балық шаруашылығы кәсіпорындары қауымдастығының президенті Максим Козловтың айтуынша, цунамиден кейін Солтүстік-Курильскідегі “Алаид” балық шаруашылығы кәсіпорнын су басып қалған. “Алаид” кәсіпорнын қалпына келтіруге қатысты бір нәрсе айту қиын. Сондай-ақ Солтүстік-Курильск қаласының порты да су астында қалды.
Камчаткадағы балабақшалардың бірінде жер сілкінісінен кейін қабырға құлаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы өңір губернаторы Владимир Солодов хабарлады. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген деген болжаммен кадрлар тарады.
Сондай-ақ Камчаткадағы жер сілкінісі кезінде қалалық балалар емханасы қатты зақымданған. Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медициналық мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылды.