Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өз баласына зәбір көрсеткен: Қамаудан шыққан Павел Дуровқа тағы бір айып тағылды

Швейцариялық Ирина Болгар Тelegram негізін қалаушы Павел Дуровтың үстінен шағым түсірді. Ол өзін Павел Дуровтың балаларының анасымын деп таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі америкалық Forbes басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото ашық дерекөзден

Ирина Болгар Павел Дуровты баласына зәбір көрсетті деп айыптап отыр. Шағым Швейцария сотына 2023 жылдың наурыз айында түскен. Алайда бұл туралы бүгін ғана белгілі болды.

Әйелдің айтуынша, Павел Дуров 2021 мен 2022 жыл арасында 2017 жылы туған баласына 5 рет зәбір көрсеткен. Салдарынан баланың миы шайқалып, ұйқысы бұзылған. 

“Дәлел ретінде Болгар Дуровпен хат алмасқанын және 2023 жылғы сәуірдегі дәрігердің анықтамасын көрсетті. Анықтамада баланың ұйқысы бұзылып, мазасыздануға бейім болып кеткені жазылған”, – деп жазды басылым.



Кейін Ирина Болгар екеуінің ортақ балаларын асырап отырғаны туралы азаматтық талап-арыз бергені белгілі болды. Сондай-ақ әйелдің айтуынша, Павел Дуров алимент төлеуді тоқтатқан. Сол себепті Ирина Болгар айыпталушының баласына күш көрсеткені туралы арызданбас бұрын ол Дуровтан 150 мың еуро көлемінде алимент өндіру туралы сотқа жүгінген.

Бұған байланысты Павел Дуров әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Айта кетейік, Telegram мен Вконтакте негізін қалаушы Павел Дуров интернеттен балалар порнографиясын іздеумен және оны алып тастаумен айналысатын үкіметтік емес екі ұйыммен серіктес болудан бас тартты. Оның бірі – АҚШ-тағы жоғалған және эксплуатацияланған балаларға арналған ұлттық орталығы (NCMEC), екіншісі Интернетті бақылау қоры.

Екі ұйым да Telegram-ға ұйымдардың жұмысына қатысу және олардың ресурсы мен әзірлемеcін интернеттегі балаларға қарсы қылмыстармен күресу үшін пайдалану туралы ұсыныс жасаған. Алайда Telegram-нан ешқандай жауап ала алмады. 

Америкалық компаниялар үшін NCMEC-те тіркелу міндетті. Бірақ Telegram АҚШ-та тіркелмеген, Дуровтың өзі БАӘ-де тұрады.

Еске салсақ, бұған дейін Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Дуровқа Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған. 26 тамыз күні Франция соты Дуровты қамауға алу мерзімін ұзартқан еді. Дегенмен күні кеше оның қамаудан босатынлғаны белгілі болды

Талқылау