Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерхан Қалмұрза Чемпиондар лигасында пенальти қайтарған ең жас қақпашы атанды

Фото: Reuters

"Қайрат" клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында пенальтиді қайтарып, турнир тарихына енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық қақпашы "Спортингке" қарсы матчта 18 жас 96 күнінде алаңға шықты. Қалмұрза бірнеше қауіпті соққыны тойтарғанымен, "Спортингке" 1:4 есебімен есе жіберді. Бұл кездесу "Қайраттың" да еурокубоктың басты додасындағы дебюті болды.

УЕФА деректеріне сәйкес, Қалмұрза турнир тарихында алаңға шыққан үшінші ең жас қақпашы саналады. Сонымен қатар ол пенальтиді қайтарған ең жас ойыншылардың бірі ретінде екінші орынға жайғасты. Бұған дейінгі рекорд "Бенфиканың" қақпашысы Миле Свиларға тиесілі. Ол 2017 жылы "Манчестер Юнайтедке" қарсы ойында 18 жас 65 күнінде Энтони Марсьяльдың соққысын қайтарған еді.

Ойынның 21-минутында есеп әлі ашылмаған шақта "Спортинг" капитаны Мортен Хьюльманд 11-метрлік айып алаңынан соққы жасаған. Дегенмен Қалмұрза оң аяғымен соққыны қайтарып, командасын қиын сәттен құтқарып қалды.

"Спортинг" сапында да бір жас ойыншы рекорд орнатты. 18 жас 141 күндегі шабуылшы Геовани Квенда қорғаушыларды қапы қалдырып, матчтағы соңғы голды соқты. Осылайша ол Чемпиондар лигасында гол салған ең жас португал футболшысы атанды.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 14:08
Талқылау