"Қалайша олар ауру жұқтырудан қорықпайды": Алматылық тұрғын Сайран көліне шомылушылардың әрекетіне шағымданды
Фото: Әлия Байбуғаның желідегі парақшасынан
Сайран көлінің маңында тұратын алматылық тұрғын Әлия Байбуға желідегі парақшасында суға түсіп жатқан адамдардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, санитарлық жағдайға байланысты уайымын жеткізді. Ол су айдыны маңында тәртіптің сақталмауына, ластық пен қоғамдық мәдениеттің төмендігіне наразы болды. Осы ретте редакция Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен шомылуға рұқсат бар-жоғын сұрады.
Әлия Байбуға полиция қызметкерлерінің әрекетін де түсіністікпен қабылдап, су айдынының санитарлық жағдайына алаңдайтынын айтып берді.
"Білмеймін, қыздар, мүмкін менікі дұрыс емес шығар. Қалай ойлайсыңдар? Полицияға да обал-ақ. Кішкентай бір машина әкеліпті. Қараңдаршы, бәрі шомылып жатыр. Міне, сұмдық! Үлкені де, кішісі де топырлап бәрі суға түсіп жүр. Қалайша олар ауру жұқтырудан қорықпайды, айтсаңшы?" – деп қынжылды ару.
Сонымен қатар Әлия Байбуға жазбасында көлдің табиғаты әдемі болғанымен, қыста иесіз болып жататынын айтады.
"Күндіз де тыныштық жоқ, жақсы көретіндері де, басқасы да ластайды. Бәрі бүлдіріп кетеді. Міне, біздің терезенің түбінде үнемі көліктер тұрады. Полиция үнемі келіп, нөмірлерін шешіп алып кетіп жатады. Өйткені бұл мейрамхананың тұрақ орны ғой. Сол себепті, ағайын, өтініш. Қалайша өздеріңізді сыйламайсыздар? Айтыңыздаршы, бір жыл бойы иттерді серуендеткен жерге кейін қалай шомылуға болады?" – деп Әлия Байбуға ренішін жеткізді.
Тағы бір желі қолданушысының айтуынша, бұл су қоймасын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары суын тексермей жатып ашпау керек. Сонымен бірге ол Қапшағай мен Сайранға да менингиттің таралу қаупінен қорқатынын жазды.
Алматылықтардың көлге қатысты алаңдауына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жауап беріп, судың қазір қандай күйде екенін атап өтті.
"Сайран маусымдық көлінің суын толтыру қайта құру жұмыстары әлі аяқталмағанына қарамастан, сынақ режимінде жүргізілді. Сайран көліне тұрғындардың белсенді баруы байқалады, бұған байланысты департамент Алмалы және Әуезов аудандарының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына мониторинг шеңберінде Сайран көліндегі судың жай-күйіне гигиеналық нормативтерге сәйкестігіне зертханалық бақылау жүргізуді тапсырды. Бактериологиялық, санитариялық-химиялық, паразитологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын алу мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, су сынамалары Vibrio cholerae, ПТР әдісімен энтеровирустар, сондай-ақ А гепатиті вирусын анықтау үшін зерттеледі", – деп басқарма пікір білдірді.
Дегенмен басқарма гигиеналық нормативтер бойынша ашық су қоймаларынан туберкулез қоздырғышына сынама алу және зерттеулер жүргізу қарастырылмағанын айтады. Себебі туберкулездің қоздырғышы, негізінен, ауа арқылы таралатындықтан ашық сулы ортада ұзақ өмір сүре алмайды деді. Басқарма туберкулездің қоздырғышы күн сәулесі мен оттегінің әсерінен тез жойылады, эпидемиологиялық тұрғыдан қауіп туғызбайтынын алға тартады.
"Сайран көлінде қайта құру жұмыстары әлі аяқталмағанын ескере отырып, мұндай жағдайда шомылу қауіпсіз емес деп санаймыз", – деп толықтырды басқарма.
Еске салайық, бұған дейін Сайран көлінен алынған сынамалардың нәтижесінде лак-позитивті ішек таяқшаларының нормадан асып кеткені анықталғанын жазған едік. Осыған байланысты Алматы төтенше жағдайлар департаментінің хатына сәйкес және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) нұсқауымен су қоймасынан суды толық көлемде жіберу туралы шешім қабылданған.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
