Қалаулымдық Зухра: Қалың малым 6 миллион теңге, себебі осындай қаражатқа пластикалық ота жасаттым
“Қалаулым”, “QosLike” бағдарламалары арқылы көпшілікке танылған Зухра Хакиева өзіне бірнеше пластикалық ота жасатқанын мойындайды. Ол отаға кеткен ақшаны қалың мал ретінде талап етпек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

“Арманым орындалып енді үйге келіп отырған жайым бар. Үйіме де, бетіме де “ремонт” жасап тастадым. Жазылған соң бәрін көрсететін боламын. Мен сөзден қорықпаймын, жасандысың деп жатқандарға айтарым - әр адам өз арманына жету керек деп ойлаймын, тек өз ісінің мамандарына жүгінгендеріңіз абзал”, – деп жазды ол парақшасында.
Зухра Хакиева өз болмысына көңілі толмай бірнеше рет отаға жүгінгенін бұған дейін де көпке жария еткен еді. Оның бірінші некесінің сәтсіз аяқталуына да өзін көңіл бөлмеуі себеп болған.
“Мен өзіме қарамай кеттім. Артық салмақ қостым. Ол кезде бөпеммен үйде отырғанмын. Мен өзіме қарамаған соң, күйеуім де маған қарамай кетті. Сол үшін өзімді қолға алдым. Пластикалық ота жасатам деп шештім. Әдемілік құрбандықты талап етеді. “Мен не үшін әдемі болмауым керек? Түрім неге әдемі емес?” деген сұрақтарды жиі қойдым”, – деді ол.
Зухра әуелі көзіне 85 мың теңгеге ота жасатқанын айтады. Кейін блефаропластика, хейлопластика, булхорн, ринопластиканың көмегіне жүгінген.
“250 мың теңгеге көзімнің қабағын кесіп, пішінін өзгертті. Ернімді жасаттым. Үстіңгі ернім тістерімді жауып тұратын. Сондықтан оны тарттырдым. Одан кейін мұрнымды түзеттім. Мұрнымның ұшы төмен қарай салбырап тұратын. Оны еуропалықтардың стиліндей жасаттым. Оған 1 миллион теңге жұмсадым”, – деді Зухра.
Айтуынша, отаның бәріне 6 миллион теңге жұмсалған. Сондықтан болашақ жарынан 6 млн теңге қалың мал сұрамақ.
“Маған 6 миллион теңге қалыңмал берсе деп армандаймын. Себебі сонша қаражатты өзіме жұмсадым. Бірақ менің тарапымнан ол арсыздық болар”, – деді ол.
Зухра қазір 32 жаста. Ерасыл есімді 5 жастағы ұлы бар.