Қаланы түтін басқан: Өскемен іргесінде дала өрті сөндірілді
Өскемен қаласының іргесінде тұтанған дала өрті сөндірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскемен қаласы Глубокое ауданының аумағында орналасқан Комсомол орманшылығында өрт шыққан.
Шөпті шарпыған тілсіз жауды ауыздықтауға жылдамдығы секундына 8 метрге дейін соққан жел кедергі келтірді. Шығыс Қазақстан облысының әуе бөлімшесінің Ми-8 тікұшағы өрт сөндірушілерге көмекке келді. Қазіргі уақытта жалын оқшауланды.
"Өрттің шығуына отты абайсыз пайдалану себеп болуы мүмкін. Бағыты өзгерген қатты желдің кесірінен өрт тез өршіді. Қаланы түтін басып, тұрғындарға күйік иісі сезілді. Содан соң ШҚО әуе бөлімшесінің су төгетін құрылғысы бар тікұшағын тарту туралы шешім қабылданды. Тікұшақтан өрт ошақтарына 7 рет су төгілді. Бұл таралып келе жатқан отты тоқтатуға көмектесті. Одан кейін өрт сөндірушілер жергілікті атқарушы органдармен және орманшылармен бірлесіп, қалған жалын ошақтарымен күресті жалғастырды", – деді облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Айдос Нүсіпбаев.
Тілсіз жауды сөндіруге барлығы 74 адам мен 14 техника жұмылдырылды.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған