Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалада тұруға көндіре алмадым, ауылға қайтпақ": Анна Данченко ата-анасына Алматыдан үй сыйлап, тосыннан қуантты (видео)

Анна Данченко ата-анасына Алматыдан үй сыйлады. Тележүргізуші пәтерді бір жыл бұрын сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жасаған. Жақында ата-анасына тосынсый жасап қуантты. Алайда қалаға үйренбеген ата-анасы ауылына қайтпақ. 

“Бір жыл бұрын дәл осы күні мен ата-анама сатып алған пәтердің кілті қолыма тиді. Бір жыл бойы мен бұл жаңалықты құпия ұстап, бір жыл бойы жалғыз өзім құрылыс әрі жөндеу жұмыстарын жасадым. Керемет дизайнер, құрылысшылардан құралған топты тауып, “Арманымды жүзеге асыруға” тырыстым. Жалпы, құрылыстан хабары бар адам мені жақсы түсінеді деп ойлаймын. Күндіз – эфир, кешке – құрылыс. Енді мен қай құрылыс дүкенінде қандай зат сатылатынын, оның бағасы қанша екенін жақсы білем”, – деді ол. 

Тележүргізуші күндіз эфирде, кешке құрылыс жасап, үйдің жөндеу жұмысын өз мойнына алғанын айтады. 

“Қиындықсыз да болмады. Арасында алдап кеткен кісілер де болды. Қалаған жиhазды алу, дизайн бойынша ремонт жасау - барлығы ақшаға келіп тіріледі. Бірақ, шүкір, әке-шешем мені еңбекқорлыққа үйретті. Жұмыс жасадым, қаражат жинадым. Бір жылда арманымды жүзеге асырдым. Жазда ауылдан ата-анам келді. Бауырларымды Ресейден шақыртып алдым, көп көріспедік, келіңдер деп әрең көндірдім”, – дейді Анна ханым.

Журналист қыз бауырларымен бірге ата-анасын қуантуға тырысқан. Алайда ата-анасы ризашылығын білдіріп, ауылға қайтатындарын айтқан. Балалары ата-анасын қалада тұруға көндіре алмаған.


Әкесінің арманын орындаған танымал тележүргізуші елдің көзіне жас келтірді


“Әкем мен анам жанымда үш айдай болды, емделді, қаралды. Анамның көзіне екі ота жасалды. Эфирден бас тартқан басты себебім де осы. Ата-анамның жанында көбірек болуды жөн көрдім. Жүрегім тынышталғанда әкем:
“Қызым, ренжіме, біз үйге қайтайық. Қара шаңыраққа барайық. Кіндік қанымыз тамған жер –  Арал” деп еді, сөздері жаныма батып, жүрегімді екіге бөлді. Үлкен кісілерге бір-ақ сәтте қоныс аудару қиын, оны түсінемін. Екеуін де қалуға көндіре алмадым. Бірақ қолымнан келгенше мама мен папаны өмір бойы қуантуға тырысамын. Алла денсаулық берсін. Көңілім босап, екеуіне ауылға қайтатын билет қарап отырмын жылап”, –  деді Анна. 

Анна мен туыстары қазақы салтпен жаңа қонысқа шашу шашып кірді. Қоныс құтты болсын айтып, құттықтасып жатыр. Оларға желідегі оқырмандар да риза болып, пікір жаза бастады. 

“Ата-анаңыз аман болсын!”, “Ата анаңыз қандай қарапайым жандар”, “Құтты болсын жаңа қоныстарыңыз. Алланың разылығын алғың келсе, Әке-шешеңнің разылығын ал дейді. Жарайсыз, Анна ханым. Енді сіздің алдыңғы уақытта тек қана жолыңыз ашық болады, өйткені сіз әке-шешенің разылығын алып жатырсыз. Алла нәсіп етсе. Жаңа мекендеріңіз құт мекен болсын. Бақыттың мекені болсын”, “Құдай қуат берсін ата-анаңызға. Балаларының қызығын көретін денсаулық, күш-қуат берсін. Ата-ананың көңілінен шығу, кез- келген адамның қолынан келе бермейді. Бақытты бол, ақұдай!” деп жазды олар. 

Талқылау