Қадыров: Шешенстан бауырлас Қазақстан халқына кез келген көмек көрсетуге дайын
Шешен Республикасының Президенті Рамзан Қадыров ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және барша Қазақстан халқына Алматыдағы қанды оқиғаға байланысты көңіл айтты.
«Біз Алматыда полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың өмірін қиған лаңкестік оқиғаға алаңдаушылық танытамыз. Бұдан бұрын лаңкестер Ақтөбеде қару-жарақты қолға түсіруге әрекеттенген еді. Олардың әрекеті әлденеше адамның өмірін қиған болатын. Мен аса құрметті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қайғыра көңіл айтамын. Біз қиын жағдайда жатқан Шешен Республикасына шетелдік мемлекет басшыларының арасынан бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев қол ұшын бергенін ұмытқан жоқпыз.
Қазақстан Президенті салып берген тұрғын үй Шешенстан астанасы орталығының шырайын ашып тұр. Риза болған шешен халқы орталық көшелердің біріне және бір мектепке Нұрсұлтан Назарбаев есімін берді. Қазақтар біз үшін туған ағамыз секілді, ал Қазақстан тұтас бір буын шешен азаматтары үшін екінші Отанға айналған. Бұл елде менің қадірменді әкем, ШР Тұңғыш Президенті, Ресей батыры Ахмат-Қажы Қадыров дүниеге келген. Бұл елде маған жақын адамдар жерленген, оның ішінде менің атамның ағасы да бар», – деп жазды Рамзан Қадыров Instagram-дағы парақшасында.
Шешен Республикасының Президенті түрлі терактілерді бастан кешкен шешен халқы мұның қандай үлкен қайғы екенін терең сезінетінін жеткізді. Сөз соңында Рамзан Қадыров бауырлас қазақ халқына лаңкестікпен күресте кез келген көмекті жасауға әзір екенін айтты. Сондай-ақ, бауырлас Қазақстан еліне бейбітшілік, тұрақтылық және мемлекеттің гүлдене беруін тіледі.
Бүгін шаһар басшысы қаза тапқандардың отбастарына 15 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетілетіндігін хабарлаған еді. Қазіргі таңдаауруханада үш адам ауыр халде жатыр.
Дүйсенбі, 18 шілде күні Алмалы аудандық полиция басқармасына, сосын ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Нәтижесінде 5 адам қаза тауып (үш полицей, бір шекара қызметкері және бір бейбіт тұрғын), 8 адам зардап шекті. Билік аталған оқиғаға теракт деп баға берді. Ал ұсталған күдікті бұрын сотталған 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы екен.
Біраз уақыт бұрын ғана ішкі істер министрі қаскөйдің полициядан кек алмақ болып шабуыл жасағанын айтты. Кейінірек қалада болған атыстың бейнежазбасы да пайда болды.