Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израильдің шабуылынан Иранда 220-дан астам адам қаза тапты

Фото: Majid Saeedi/Getty Images

Израильдің Иранға жасаған соққыларының салдарынан 224 адам қаза тауып, 1 200-ден астам адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Иран Ислам Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Хосейн Керманпур зардап шеккендер университет емханаларына жеткізілгенін мәлім етті.

“Израиль тарапынан жасалған 65 сағаттық агрессияның салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жалпы саны 1 481 адамға жетті. Олардың 1 277-сі ел аумағындағы университет емханаларына жатқызылды. Қазір 224 адам қаза тапқаны белгілі”, – деді ол.

Оның айтуынша, зардап шеккендердің 90%-дан астамы — бейбіт тұрғындар. Олардың ішінде әйелдер мен балалар да бар.

Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Қорғаныс армиясы Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған еді. Соққы астында Тегеран, Натанз және Фордо қалаларындағы нысандар мен Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) позициялары қалған. Бұған жауап ретінде КСИР "Үшінші әділ уәде" деп аталатын қарсы операция басталғанын жариялады. Тегеран жауап ретінде Израильге жүзден астам ұшқышсыз ұшақ жіберді. Иран Натанз қаласындағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, алайда радиацияның таралуы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Иран Израиль соққыларының салдарынан жоғарғы әскери басшылық пен жетекші ғалымдардың қаза тапқанын растады.

Бұдан бөлек, Израиль тарапынан жасалған шабуылдардан кейін Иран Ормуз бұғазын жабуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің мүшесі Эсмаил Косари мәлімдеді.

Оман сыртқы істер министрі Бадр Аль-Бусаиди, Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге делдал болып жүрген дипломат, жексенбі күні Маскатта өтуі тиіс болған келіссөз раунды "енді өтпейтінін" растады.

Иран президенті Франция президенті Эммануэль Макронмен сөйлесу барысында, Израиль соққылары тоқтамайынша, АҚШ-пен ешқандай келіссөз болмайтынын айтты. Axios басылымының мәліметінше, Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысқа араласуға шақырып отыр. Екі тарап та аталған шабуылдардан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін хабарлады.

Израиль соққылары салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының барлау қызметінің басшысы мен оның орынбасары мерт болғаны хабарланды.

Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында телефон арқылы әңгіме болды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 09:15
Талқылау