Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Израильдің орнына мемлекет құруды көздейді": Франция Палестинаны мемлекет ретінде тану туралы шешім қабылдады

Палестина туы

Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясында француздар Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

"Таяу Шығыста әділ және тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі тарихи міндеттемеме адал бола отырып, Франция Палестина мемлекетін мойындайды деп шештім. Мен бұл жөнінде биыл қыркүйек айында БҰҰ Бас ассамблеясында салтанатты түрде жариялаймын", – деп жазды Макрон X әлеуметтік желісендегі парақшасында. Бұл жазбаға қоса Макрон Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббасқа жазған хатын тіркеп қойған.

Франция президенті желідегі жазбасында тезарада бітім орнатып, Газаның қауіпсіздігін қамтамсыз ету керек екенін атап өткен.

"Тез арада бітім орнатып, кепілге алынғандардың барлығын босатып, Газа тұрғындарына ауқымды гуманитарлық көмек көрсету қажет. Сондай-ақ ХАМАС-ты демилитаризациялауға кепілдік беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Газаны қалпына келтіру қажет", – дейді Макрон.

Палестинаның ресми тұлғалары Макронның бұл шешімін құптап отыр, ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадам ХАМАС-тың 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылынан соң "лаңкестікті марапаттау" болатынын мәлімдеді.

"Мұндай жағдайда Палестина мемлекеті Израильмен бейбіт қатар өмір сүрудің емес, оның жойылуының плацдармына айналады. Палестиналықтар Израильдің жанынан мемлекет құруды көздеп отырған жоқ, олар Израильдің орнына мемлекет құруды көздейді", – делінген Нетаньяху мәлімдемесінде.

Аида Тақабаева
Жұма, 25 Шілде, 2025 09:45
Талқылау