Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израильдің Газаға шабуылы кезінде Al Jazeera-ның түсірілім тобының мүшелері қаза тапты

Журналистер қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Al Jazeera телеарнасының екі журналисі мен екі операторы Газа қаласында Израиль шабуылы кезінде қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, Израиль “Аш-Шифа” ауруханасының жанындағы тілшілердің шатырына қасақана шабуыл жасап, салдарынан журналистер Анас әл-Шариф пен Мұхаммед Крейке, сондай-ақ екі оператор Ибрагим Захер мен Мұхаммед Нуфал қаза тапты.

Медиажелінің болжамынша, шабуылдың негізгі нысанасы 28 жастағы әл-Шариф болған деседі. Түсірілім тобының мүшелері аурухананың бас қақпасы жанындағы журналистер шатырына снаряд түсіп, қаза тапты.

Израиль әскері журналистердің қаза болғанын растады. Алайда олар бомбалау кезінде білместікпен соққы жасағанын мәлімдеді. 

“Журналистердің шатырын атқылау салдарынан барлығы жеті адам көз жұмды. Жақында Al Jazeera медиажелісі израиль әскерін өз тілшілеріне, әсіресе аш-Шарифке қарсы “арандату науқанын” жүргізді деп айыптады”, – делінген басылымда.

Шілде айында Израиль армиясының өкілі Авихай Адраи әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, аш-Шарифті ХАМАС-тың әскери қанатына қатысы бар деп айыптаған. Бірақ бұл айыптаулар жалған деп үзілді-кесілді жоққа шығарылды.

Израиль 2023 жылдың қазан айында анклавта соғыс бастағалы бері Газа секторындағы палестиналық журналистерді ХАМАС-қа қатысы бар деп жиі айыптап келеді. Алайда адам құқықтарын қорғаушылар мұны Израильдің өзіне тиімсіз репортаждар жасаған тілшілерді беделсіздендіру әрекеті деп бағалайды.

БАҚ еркіндігін қорғау тобы мен БҰҰ сарапшысы бұған дейін аш-Шарифтің Газа жайлы репортаждары үшін өміріне қауіп төніп тұрғанын ескерткен. Өткен айда БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Ирен Хан Израильдің оған тағылған айыптарының негізсіз екенін мәлімдеді.

Al Jazeera арнасының хабарлауынша, бомбалау басталғалы Израиль әскері 200-ден астам журналист пен медиа қызметкерін, соның ішінде бірнеше Al Jazeera тілшілерін және олардың туыстарын өлтірген.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газадағы жаңа шабуылдың жақын арада басталатынын айтқан. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 11 Тамыз, 2025 09:29
Талқылау
`