Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израильдің Бейрутқа жасаған әуе соққысы кезінде "Хезболланың" әскери көшбасшысы қаза тапты

Израилдің Бейрутқа жасаған әуе соққысы кезінде

Фото: AP Photo/Bilal Hussein

Ливанның “Хезболла” қозғалысы Израильдің Бейруттың оңтүстік шетіне жасаған әуе соққылары нәтижесінде жоғары лауазымды қолбасшы Хайсам Табтабаи қаза тапқанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Риа Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әскери басшының қазасы туралы қозғалыстың мәлімдемесінде айтылды.

“Мақтанышпен және абыроймен “Хезболла” қарсылық тарапқа және біздің ливан халқымызға жоғары лауазымды, өз өмірін құрбан етуге дайын командир Хайсам Али Табтабаиның (Сейид Абу Али) қаза тапқанын хабарлайды. Ол Ливан мен оның халқы үшін Бейруттың оңтүстік шетінде орналасқан Харат Хрейк ауданындағы қастандықпен жасалған Израиль соққысынан қаза тапты”, – делінген.

Хайсам Али Табтабаи “Хезболла” штабының уақытша бастығы қызметін атқарған және ұйымдағы екінші ең маңызды тұлға болып саналған.

Жексенбі күні Израиль әскери авиациясы Ливан астанасының оңтүстік шетіндегі тұрғын үйге әуе соққысын жасаған еді. Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің Төтенше жағдайлар орталығының есеп беруіне сәйкес, шабуыл нәтижесінде бес адам қаза тауып, тағы 28 адам жарақат алған.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 09:01
Талқылау