Израиль Сириядағы 250-ден астам әскери нысанға соққы жасады (видео)
Сирияда билік ауысқаннан кейін Израиль 250-ден астам әскери нысанға, әскери базаларға, ондаған жойғыш ұшақтар мен тікұшақтарға, зымыран және басқа да қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Meduza Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Израиль қорғаныс күштерінің мәліметінше, бұл – әскери-әуе күштері тарихындағы ең үлкен шабуыл.
Латакия портындағы Сирия әскери-теңіз күштерінің нысандары да әуе шабуылдарына ұшыраған. Израиль танктері Дамасктен 20 шақырым жерде байқалған.
Лондонда орналасқан Сирия адам құқықтарын бақылау орталығы Дамаскіде жойқын жарылыстар болғанын хабарлады. Сонымен қатар электронды соғыс дирекциясының штаб-пәтері мен оқ-дәрі қоймалары шабуылға ұшырағаны айтылды.
Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.
8 желтоқтанда Асадтың президент қызметінен кеткені және Сириядан шыққаны туралы алғашқы ресми мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялады. Алайда сол кезде Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың қай жерде екені туралы ешқандай мәлімет бермеген. Кейінірек ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Асадқа және оның жақындарына "гуманитарлық мақсаттарды ескере отырып" баспана бергенін хабарлады.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?