Израиль-Палестина қақтығысының тарихы: Газа секторындағы жанжалдың туындауына не себеп және бұл Қазақстанға қалай әсер етеді
7 қазанда Газа секторын бақылап отырған ХАМАС ұйымы Израильге ракеталармен соққы жасап, қарулы күштерін кіргізді. Жергілікті БАҚ мәліметінше, қақтығыс салдарынан Израильде 700-ден аса бейбіт тұрғын көз жұмды. Газа секторындағы жанжал тарихы ХХ ғасырдан бастау алады. Ал басты себеп – жер мәселесі.
100 жылға созылған жанжал
Бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясы ойсырай жеңілген соң Палестина аумағы Ұлыбританияның бақылауына өтті. Аталған аумақта арабтар, еврейлер мен өзге де ұлт өкілдері мекендеген.
Соғыстан кейін халықаралық қауымдастықтар Ұлыбританияға Палестинада “еврейлер үйін” құруды тапсырған. Бірақ бұл шешім мұндағы арабтар мен еврейлер қарым-қатынасының ушығуына алып келді.
1920–1940 жылдары Палестинаға пана іздеп келген еврейлер саны күрт өсті. Еврей жұрты бұл жерді "ата-бабадан қалған аумақ" деп білсе, арабтар да жерді өзге ұлтқа беріп қойғысы келмеген.
Нәтижесінде 1947 жылы БҰҰ Палестинаны еврей және араб еліне бөлу үшін дауыс берді. Ал Иерусалим халықаралық қала мәртебесіне ие болуы керек еді. Бұл жоспарды еврей көшбасшылары қабылдағанымен, арабтар келіспеді. Сондықтан жоспар жүзеге аспады.
Ал 1948 жылы екі ұлт арасындағы мәселені шеше алмаған соң Ұлыбритания Палестина аумағынан кетіп қалды. Көп ұзамай еврейлер Израильдің құрылғанын мәлімдеді. Дегенмен мұнымен арабтар келіспей, елде соғыс басталған.
Израиль әскерилері, 1948 жылы
Қарулы қақтығыс кезінде жүздеген мың палестиналық елден кетуге мәжбүр болды. 1949 жылы соғыс тоқтап, Израиль басым аумақты бақылауына алды. Қақтығыс кезінде Иордания Батыс жағалау деп аталатын аумақты басып алса, Египет Газаны өзіне алды. Елдер арасында бейбіт келісім жасалмағандықтан, тараптар бір-бірін айыптап келді.
1967 жылы кезекті соғыстардың бірінде Израиль Шығыс Иерусалим мен Батыс жағалауды жаулап алды. Сондай-ақ сириялық Голан жотасының бір бөлігі, Газа секторы мен Синай түбегі де Израильдің бақылауына өтті.
Палестиналық босқындардың бір бөлігі Газа, Батыс Жағалау, Иордания, Сирия мен Ливанда мекендейді. Ал Израиль бұл босқындардың оралуына рұқсат бермей отыр.
Израиль Газа секторынан әскерін шығарса да, Батыс жағалауды әлі де бақылайды. Соңғы 50 жылда Израиль Иерусалим аумағында елді мекендер салды. Қазір мұнда 600 мыңға жуық еврей өмір сүреді.
Газа секторы мен ХАМАС ұйымы
Қазір Газа секторын бақылап отырған "Харакат әл-мукауата әл-исламийя" немесе ХАМАС (Ислам қарсылық қозғалысы) ұйымы 1987 жылы шейх Ахмед Ясиннің басшылығымен құрылған. Ұйым идеологиясы 1988 жылы қабылданған "Ислам хартиясы" негізінде түзілді. Оған сәйкес ХАМАС Израильді мойындамайды, сондай-ақ 1948 жылға дейін Палестина иеленген аумақта Палестина елін құруды көздейді.
Коммерсантъ мәліметінше, 2011 жылға дейін ХАМАС-тың басты демеушісі Иран болған. Бірақ Сириядағы азаматтық соғыс басталған соң Иран көмек беруін доғарды.
ХАМАС құрылған уақыттан бері Израиль аумағында бірнеше рет теракт ұйымдастырған.
Газа секторының шекарасы, ВВС суреті
Газа секторы – Жерорта теңізі жағалауындағы аумақ. Сектор мен Израиль аумағын қоршау және өткізу пункттері бөліп тұрса, Египетпен арада бетон қоршау салынған. Газа секторының ұзындығы 54 шақырым, енді 6-12 шақырымға жетеді.
360 шаршы шақырым жерде 2 миллион адам өмір сүреді. Олардың басым бөлігі 1947-1949 жылдары Израиль-Палестина соғысы кезінде елден кеткен босқындар.
1993 жылы Вашингтонда Израиль және Палестиналық бостандық ұйымы құпия келіссөз жүргізіп, екіжақты келісімге қол қойылған. Ал Ослодағы келісім нәтижесінде Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторын бақылайтын Палестина ұлттық әкімшілігі құрылды.
Бірақ 2000 жылдан бастап палестиналық арабтар Израиль билігіне қарсы қарулы төңкерістер ұйымдастырды. Сондықтан Израиль 2006 жылдан бері Газа секторында әскери операциялар өткізіп келеді.
Ал 2007 жылы ХАМАС Палестина ұлттық әкімшілігіне қарсы төңкеріс ұйымдастырды.
Израиль-Палестина қақтығысы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?
Саясаттанушы Андрей Чеботарев Telegram-арнасында Израиль-Палестина қақтығысы туралы пікір білдіріп, мұның Қазақстанға әсері туралы айтты. Оның сөзінше, қақтығыс Орталық Азия елдеріне жанама әсер етіп отыр.
Чеботарев Ливан аумағындағы "Хезболла" қозғалысының ХАМАС-ты қолдап отырғанын тілге тиек етті. Айтуынша, "Хезболла" Израильге қарсы ракеталар ұшырған. Оның үстіне аталған қозғалыс Иранмен жақсы қарым-қатынаста екен.
"Қолда бар қатерлерді ескерсек, араб-израиль жанжалы Израиль мен Иран арасындағы соғысқа ұласуы ғажап емес", – дейді ол.
Егер екі ел арасында қақтығыс орын алса, бұл Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияға зиянын тигізбей қоймайды. Солардың ең жеңілі – логистика тізбегінің үзілуі мен энергетика нарығында өнімдердің қымбаттауы.
"Оның ішінде бұл Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолына кері әсер етеді. Тоқаев бұл жол арқылы Челябинск-Болашақ-Иран бағытында жылдам жүретін жүк пойызын, Каспий теңізінде Иранға қарай кеме жолын ашуды ұсынған еді", – деп түйіндеді саясаттанушы.