Израиль Газаның солтүстігіне шабуыл жасауға дайындалып жатыр: Тұрғындарды эвакуациялануға шақырды
Фото: Аa.com.tr
Жексенбі күні АҚШ президенті Израиль мен ХАМАС-ты Газадағы атысты тоқтату туралы келісімге келуге шақырды. Осы уақытта Израиль қорғаныс армиясы әскери операция дайындалып жатқанын айтып, солтүстік Газадағы бірқатар аудандардан тұрғындарды оңтүстікке эвакуациялануды бұйырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жексенбі күні Израиль әскері Газаның солтүстік бөлігінен палестиналықтарды жаппай эвакуациялауға жаңа бұйрық берді. Бұл аумақта ЦАХАЛ шабуылдарын күшейтуді жоспарлап отыр.
Тұрғындар Газе қаласының шығыс және солтүстік бөліктеріндегі бірнеше аудандар мен Жабалия босқындар лагерінен эвакуациялануы керек. ЦАХАЛ өкілі Авихай Эдраидың айтуынша, сол аумақтағы халық Муваси ауданына, оңтүстікке қарай көшуі керек.
Израиль шенеунігіне сілтеме жасаған AP агенттігі алдағы апталарда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Вашингтонға сапары жоспарланғанын хабарлады. Ал алдағы күндері атысты тоқтату режимін талқылау үшін стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермер Вашингтонға бармақ.
АҚШ президенті Газадағы қақтығысты тоқтату туралы мәлімдеме жасағаннан бірнеше сағат бұрын Израиль аймаққа соққы жасады. Палестиналық медицина мекемелерінің хабарлауынша, кемінде 60 адам қаза тапқан.
Бомбалау жұма күні кешке басталып, сенбі таңына дейін жалғасты. Марқұмдардың мәйіті “Аль-Шифа” ауруханасына жеткізілді. 12 адам Газа қаласындағы “Палестина” стадионы маңында қаза тапты. Бұл жерде жер аударылған адамдар орналастырылған. Тағы сегіз адам өз пәтерлерінде көз жұмған.
"Газада келісімге келіңдер. Тұтқындарды қайтарыңдар" – деп жазды Трамп жексенбі күні таңертең әлеуметтік желіде.
Екі күн бұрын ол атысты тоқтату туралы келісім келесі аптада жасалуы мүмкін екенін айтқан еді. Журналистердің осыған қатысты қойған сұрағына: “Біз Газа мәселесімен жұмыс істеп жатырмыз және оны шешуге тырысып жатырмыз”, – деп жауап берді.

"Шоттарым мен құжаттарымды бұғаттап тастады": Қазақстандық келіншекті емхана қызметкерлері өлілердің қатарына кіргізіп жіберген
