Активтерін жұбайына рәсімдеген: Іздеуде жүрген қазақстандықтың 2,3 миллиард теңгеден астам мүлкі тәркіленді
Фото: Stan.kz
Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық пен оның жұбайының шоттарындағы ақшасы мен мүлкі тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі активтерді қайтару және келтірілген залалды өтеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Оны іске асырудың бір тәсілі заңсыз жолмен алынған мүлікті – сотқа дейін тәркілеу. Ол халықаралық іздестіруге жарияланған не оларға қатысты рақымшылық жасау актісінің салдарынан, ескіру мерзімінің өтуіне немесе қайтыс болуына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарға қолданылады.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны заңдастыруға қатысы бар деп күдікке ілінген тұлғаның ақшалай қаражаты мен мүліктік активтерінің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденді”, – делінген хабарламада.
Ол жылжымалы және жылжымайтын мүліктің қымбат нысандарын, оның ішінде жұбайына ресімделген нысандарды сатып алу үшін шамамен 1,5 млрд теңге заңға қайшы ақшаны пайдаланған. Олардың қатарына Алматы қаласы мен Алматы облысындағы люкс автомобиль, пәтер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыстар жатады.
“Қаржылық тергеу қосымша 1,7 миллион доллар (872 млн теңгеден астам) және Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі айыпталушы мен оның жұбайының шоттарында 47 млн теңге қаражат барын анықтады. Олар қылмыс жасау кезеңінде алынған және олардың ресми табыстарына сәйкес келмейді. Биыл 16 маусымдағы сот қаулысымен ақшалай қаражат пен мүліктік объектілер мемлекет кірісіне тәркіленді”, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша отызға жуық қылмыстық істі тергеуді бастады. Істің бір бөлігі сотқа жіберіліп, айыптау үкімі шығарылды.

"100 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қаржы кетеді": Қазақстандық жаназа рәсіміне аста-төк дастархан жайып, шығындалатындарды сынады
