Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық оқулықтар иудаизмге құрмет көрсеткені үшін оң бағаланса, Израильге қатысты даулы тұжырымдары үшін сынға ұшырады

Британдық сараптама орталығы Қазақстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдеріндегі оқу бағдарламасына қатысты зерттеу жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Jewish news басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Kazpravda.kz

Зерттеушілердің мәліметінше, Қазақстан мектептерінде қолданылатын оқулықтар иудаизм мен еврей тарихына оң көзқараспен қарайды. Көбінесе араб-израиль қақтығысына тең көзқарасты ұстанады. 

Сонымен қатар зерттеуде Әзірбайжанның еврей мемлекетімен тығыз стратегиялық байланыс орнатып отырғаны жазылған. 

Лондонда орналасқан Мектептегі білім берудегі бейбітшілік пен мәдени толеранттылықты бақылау институты (IMPACT) Қазақстанда соңғы он жылда 2-11 сынып оқушыларын оқыту үшін пайдаланылған 100-ден астам оқулықты талдап шыққан. 

Зерттеуде иудаизм мен еврейлердің діни әдет-ғұрыптары және тарихы жағымды түрде сипатталғаны айтылған. Иудаизм елдің көп мәдениетті құрылымының бір бөлігі ретінде ұсынылған.



“Антисемитизм мен Холокост да дұрыс талқыланған. Израильде иврит тілінің қайта жандануы туралы да жан-жақты жазылған. Алайда араб-израиль қақтығысына көзқарас әртүрлі. Кейбір оқулықтар тең көзқарасты ұстанса,  басқалары біржақты көзқарастарға бейімделіп талданған”, – делінген зерттеуде. 

Сонымен қатар оқу бағдарламасында әртүрлі этникалық топтар мен діндерді, соның ішінде иудаизм мен еврей халқын нақты қабылдау керегі айтылған. 

"Қазақстан экстремизмді жоққа шығарып, мектептерде құрмет пен модерацияны ілгерілету арқылы мұсылмандары көп елде білім берудің маңызды үлгісін көрсетіп жатыр", – деді IMPACT бас директоры Маркус Шефф.

Басқа елдерде жүргізілген зерттеулер де осы үрдісті растайды. Мәселен, Өзбекстанның мектеп оқулықтарында иудаизмге, еврейлердің әдет-ғұрыптары мен тарихына оң көзқарас таныту керегі жазылған. Оқулықтарда Холокост пен Израильдің экономикалық жетістіктері туралы жазылған. Ал Хамас пен Хезболланы "радикалды исламшыл ұйымдар" деп атаған.

Айта кетейік, бұған дейін  Қазақстандық блогер мектеп бағдарламасы мен оқулықтардың сапасын сынға алғаны туралы жазған едік. 

Талқылау