Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ит иіс сезу қабілетінің арқасында иесін өлімнен аман алып қалды

Фото: dailystar.co.uk

Ұлыбританиядағы Хэдкорн ауылының тұрғынын иті бір өлімнен аман сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Star-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Коллин Фергюсонның айтуынша, оның үй жануары – Инка есімді неміс төбеті – 2015 жылы біртүрлі мінез көрсете бастаған. Ит әйелдің аузынан шығатын иісті қайта-қайта иіскеп, мазасыздана беретін болған. Бірнеше аптадан кейін Фергюсон дәрігерге барып, тексеруден өтеді. Дәрігер оның ауыз қуысын қарап, бірнеше талдау тапсыруды ұсынғанымен, ешқандай мәселе анықталмаған.

Соған қарамастан, Инка иесін иіскеуді тоқтатпайды. Фергюсон өткір иіс сезу қабілеті бар итінің бекерден-бекер бұлай істемейтініне сеніп, толық медициналық тексеруден өтуді ұйғарады. Сол тексеріс кезінде оның өкпесінен гольф добының көлеміндей ісік анықталған. Дәрігерлер оған өкпе қатерлі ісігінің бірінші сатысы деген диагноз қойған.

Фергюсонның айтуынша, бұл диагноз ол үшін күтпеген жағдай болған.

“Менде ешқандай белгі болған жоқ, тек шаршағыштық қана бар еді. Бірақ мен оны 60 жастан асқаныммен және әлі де жасөспірімдермен жұмыс істеп жүргенімнен шығар деп ойладым”, – дейді ол.

2015 жылғы маусымда әйелге ота жасалып, ісік сәтті алынып тасталған.

Хирургтердің айтуынша, өкпе қатерлі ісігін бірінші сатысында анықтау өте қиын. Сондықтан Инка іс жүзінде иесінің өмірін сақтап қалған. Содан бері Фергюсон ремиссия кезеңінде өмір сүріп келеді.

“Менің жай ғана жолым болды”, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда мысық әйел мен балаларды өрттен құтқарып қалғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 00:42