Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздер аяқталды

Фото: x.com/HakanFidan

Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздер аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, Ресей мен Украина делегацияларының кездесуі екі сағаттан аз уақытқа созылған. 

Келіссөздерде Ресей делегациясы атысты тоқтатып, ДНР, ЛНР, Херсон және Запорожье облыстарынан Украина әскерлерін кері шегеруді сұрап талап қойған. 

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Ресей мен Украина делегациялары келіссөздерді жалғастыру үшін жаңа кездесу өткізу туралы келісімге келгенін мәлімдеді. 

"Бүгін бүкіл әлем үшін маңызды күн болды. Тараптар тағы да кездесу туралы келісімге келді", – деп жазды Хакан Фидан X желісіндегі парақшасында.

Сонымен қатар ол Ресей мен Украина арасындағы тұрақты бейбітшілік орнатуға ықпал ету үшін әрі қарай да барлық күш-жігерін салатынын ерекше атап өтті.

"Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сенімді нығайту шарасы ретінде әр тараптан мың адамды алмастыру туралы келісімге келді. Сондай-ақ бітім шартын орнатуға қажетті талаптар жазбаша түрде әзірленіп, қарсы тарапқа ұсынылатыны туралы келісімге қол жеткізілді", – деді Түркияның сыртқы істер министрі. 

Алайда Ресей мен Украина арасындағы екінші келіссөздің нақты күні әлі хабарланған жоқ.

Айта кетейік, Ресей делегациясын Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап келді. Делегация құрамына Ресей сыртқы істер министрлінің орынбасары Михаил Галузин, Ресей қарулы күштері бас штабының басшысы Игорь Костюков, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин кірді.

Украина делегациясына қорғаныс министрі Рустем Умеров жетекшілік етті, құрамында тағы 11 адам болды. Олардың ішінде Украина сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Кислица, Украина ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Александр Поклад, Украина сыртқы барлау қызметінің бірінші орынбасары Олег Луговский, Украина қарулы күштерінің бас штабының орынбасары Алексей Шевченко бар.

Келіссөздер Түркия президент әкімшілігінің Долмабахче жұмыс кеңсесінде өтті.

Келіссөз басталғанға дейін Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан сөз сөйлеп, тараптардың тікелей келіссөздерге дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ келіссөздерге Түркия барлау қызметінің басшысы Ибрагим Калын да қосылды.

ТАСС дереккөзі хабарлағандай, Мединский келіссөздер алдында АҚШ өкілдерімен кездескен. Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песковтың айтуынша, Ресей делегациясы Ыстамбұлда Мәскеумен тұрақты байланыста болған, президент Владимир Путин ақпаратты онлайн режимде алған.

Ресеймен келіссөз басталар алдында Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Facebook-тегі парақшасында тағы да Украина толық және ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға дайын екенін жазды.

Еске салсақ, бұған дейін Ресей мен Украина делегациялары келіссөз жүргізу үшін 15 мамырда Ыстамбұлға баратыны туралы жазған едік. Кейінірек Путиннің Зеленскиймен келіссөздер жүргізу үшін Ыстамбұлға бармайтыны белгілі болды. Артынша Зеленский де бұл келіссөздерге қатысудан бас тартты.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Мамыр, 2025 20:46
Талқылау