Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Тұтқын алмасу мәселесі талқыланған”: Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі аяқталды


Фото: АА

Ыстамбұлда Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесу бір сағатқа созылды.

Украина делегациясын қорғаныс министрі Рустем Умеров бастап барды, ал Ресей тарапынан делегацияға Путиннің көмекшісі Владимир Мединский жетекшілік етті.

Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, Ердоған Владимир Зеленский және Владимир Путинмен тұрақты байланыста.

Еске салсақ, 16 сәуір күні Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасында келіссөз өткен еді. Ресей мен Украина делегацияларының кездесуі екі сағаттан аз уақытқа созылған. Келіссөздерде Ресей делегациясы атысты тоқтатып, ДНР, ЛНР, Херсон және Запорожье облыстарынан Украина әскерлерін кері шегеруді сұрап талап қойған. Тараптар алғашқы кездесуде келісімге келе алмаған.

28 мамырда Украина делегациясының басшысы Умеров Киевтің Мәскеуге өз ұсыныстарын жолдағанын хабарлады. Ресей тарапы да өз меморандумын дайындағанын мәлімдеді, алайда оны Киевке беруден бас тартты. Оның орнына Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 2 маусымда Ыстамбұлда келіссөздердің екінші кезеңін өткізуді ұсынды.

Киев бұл кездесудің нәтижесіз болмауы үшін Мәскеу бітім орнату шарттарын алдын ала нақты көрсетуі қажет екенін айтты.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, Ресей мен Украина Ыстамбұлда тұтқындар алмасу мәселесін талқылады. Келіссөз нәтижелері туралы ресми түрде хабарланады.

Келіссөздердің екінші кезеңі Ресей мен Украина арасындағы өзара шабуылдардың күшеюі аясында өтіп жатыр. 1 маусымда Украина қауіпсіздік қызметі укариналық ұшқышсыз ұшақтармен Ресейдің бірнеше әскери аэродромына соққы жасады. Соғыс басталғалы бері бұл ең жойқын шабуыл болды. Салдарынан 40 ұшақ зақымданды. 

Кейінгі екі аптада Украина Ресей территориясына дрондар қолдана отырып екі ірі шабуыл жасады. Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, 28 мамырға қараған түні 13 өңірде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 296 дронды жойса, 20 мамыр кешінен 22 мамыр таңына дейін тағы 485 дрон жойылған.

1 маусымда Ресей Украинадағы Днепропетровск облысында орналасқан оқу полигонына ракеталық соққы жасап, 12 адам қаза тауып, 60-тан астам адам жарақат алды.

20 мамырда Ресей Сум облысындағы әскери бөлімнің оқ ату алаңына соққы беріп, алты украин сарбазы қаза тапқан еді.

Өткен демалыс күндері Ресей үш түн қатарынан Украина аумағына жаппай шабуылдар жасап, мыңға жуық дрон, баллистикалық және қанатты зымырандар қолданды. 25 мамырға қараған түні болған рекордтық шабуылда 12 адам қаза тауып, тағы 60 адам жарақат алған.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 18:26
Талқылау