Испанияда тұрғын үйдегі 138 пәтер өртке оранды: Ондаған адам жоғалып, бірнеше адам көз жұмды (видео)
Испанияның Валенсия қаласындағы көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, төрт адам қаза тапты. Ал он тоғыз адам із-түссіз жоғалып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: BBC
Кампанар ауданындағы 14 қабатты үйді шарпыған өрт көрші ғимаратқа да жайылған. Өрт сөндірушілер адамдарды балкон арқылы құтқарды. 14 адам, оның ішінде алты өрт сөндіруші мен кішкентай бала зардап шекті.
Қатты соққан жел жалынды тұтандырған. Ал өрттің тез таралуына үйдің сыртын әрлеуде қолданылған тез жанғыш материал әсер етті деген болжам бар.
Жалынмен 20-дан астам өрт сөндіру бригадасы күрескен. Ғимаратта 450 адам тұратын 138 пәтер бар.
Фото: BBC
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өрт сөндірушілер крандар көмегімен бірнеше тұрғынды, оның ішінде жетінші қабатта тұратын ерлі-зайыптыларды құтқарған.
Өрттің шығу себептері әзірге белгісіз.
Валенсия өнеркәсіптік техникалық инженерлер колледжінің вице-президенті Эстер Пучадес ғимаратты бұрын тексергенін айтты. Ол үй сыртына қапталған полиуретанды материал енді қолданылмайтынын айтты.
Ғимараттың екінші қабатында тұратын тұрғын төртінші қабатта басталған өрт лезде тарағанын айтты.
"Өрт 10 минут ішінде тарады", - деді ол.
Фото: BBC
Инженер Давид Хигуэраның айтуынша, өрттің тез таралуына ғимараттың қаптамасы себеп болуы мүмкін.
Өрт сөндірушілер жергілікті уақыт бойынша сағат 17:30-да шақырылған. Билік өкілдерінің айтуынша, үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдар қонақүйлерге орналастырылады.
Испанияның премьер-министрі Педро Санчес әлеуметтік желіде: "Валенсияда көпқабатты ғимаратта орын алған өрт көңіл-күйімізді түсірді. Барлық зардап шегушілерге көңіл білдіріп, оқиға орнында жұмыс істеп жатқан төтенше жағдайлар қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді", - деді.