Испанияда қатты жаңбырдан су тасқыны болды: Қаза тапқандар бар
Испанияның Валенсия аймағында қатты жаңбыр жауып, су тасқыны болған. Салдарынан бірнеше адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty Images
Испанияда су тасқынынан кейін бірнеше мәйіт табылған. Бірақ билік нақты санын айтпады.
Испанияның шығысы мен оңтүстігінде толассыз жауған нөсер жауын салдарынан көптеген аймақтарды су басып, теміржол және әуе қатынасы да үзілді.
Кейбір жерлерде бір күндегі жаңбыр мөлшері бір айдағы нормадан асып түсті.
Бір күн бұрын билік Валенсия мен оңтүстік-шығыс Альбасете провинциясында кемінде жеті адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Сәрсенбіге қараған түні төтенше жағдай қызметкерлері оларды дрондар арқылы іздеді.
Испанияның мемлекеттік метеорологиялық агенттігі Валенсия мен Андалусияның кейбір бөліктерінде жоғары деңгейдегі қауіпті жариялады.
Валенсияда мектепте сабақтар мен спорттық іс-шаралар тоқтатылады және қалалық саябақтар жабылады.
Испания премьер-министрі Педро Санчес із-түзсіз жоғалған адамдар туралы ақпаратты қадағалап отырғанын айтты және халықты мұқият болуға шақырды.