Ислам әлемі неге Иранды АҚШ пен Израильге қарсы соғысында қолдамай отыр

Израиль мен АҚШ Ислам Республикасы Иранды бомбалауды екінші апта қатарынан жалғастырып жатыр. Ал мұсылман әлемі бұл соғысты сырттай бақылап отыр, кейбірі әсіресе Парсы шығанағы елдері оқиғаны жақыннан, ал басқалары алыстан бақылап отыр. Бірақ ислам мемлекеттерінің ешқайсысы Иранға көмек көрсетуге асығар емес, тіпті кейбірі оны қауіп ретінде қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bbc.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бір жағында – панмұсылмандық бірлік туралы түсінік, ал екінші жағында – діни бағыттар арасындағы қайшылықтар, өзара сенімсіздік, ұлттық мүдделер, АҚШ-қа тәуелділік және болжап болмайтын салдары бар жаңа соғысқа араласқысы келмеу жатыр. Иран ядролық державаға және өңірдегі жетекші күшке айналуға ұмтылады. Сонымен қатар ол кейінгі аптада көрші араб елдерінің аумағын да атқылап жатыр.
Таяу Шығыс бойынша маман Ясмина Асраргистің айтуынша, бұл – Иранның кейінгі жылдардағы ең ірі стратегиялық қателіктерінің бірі. Ұзақ уақыт бойы Тегеран өзін араб әлеміне ислам бірлігінің қорғаушысы ретінде көрсетіп келді. Алайда бүгінде дәл сол Иран араб мемлекеттеріне соққы жасап отыр.
Ислам әлемі біртұтас емес. Әрбір мұсылман мемлекетінің билігі алдымен өз саяси және экономикалық мүдделерін басшылыққа алады. Сондықтан дерексіз “мұсылмандық ынтымақтастық” үшін Иранға көмектесуге дайын емес.
Оның үстіне мұсылман әлемінің Иранға деген көзқарасы күрделі. Бұл араб елі емес: онда басқа тілде сөйлейді және халықтың басым бөлігі – шииттер. Ал әлемдегі мұсылмандардың көпшілігі сунниттер. Қазір соғыс дінмен тікелей байланысты болмаса да, тарихи тұрғыдан сунниттер мен шииттердің бөлінуі Таяу Шығыстағы күштердің орналасуына үлкен әсер еткен.
Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының сарапшысы Фабрис Баланш:
“Егер шииттік Иран суннит мемлекеттеріне шабуыл жасаса, сунниттердің оған қолдау көрсетуі мүмкін емес”, – дейді.
Сонымен қатар Иран қасиетті Рамазан айында өз суннит көршілеріне шабуыл жасап, оларды өз мүдделеріне қауіп төндіретін үлкен қақтығысқа тарту қаупін күшейтті.
Иран және оның күресі
Ислам Республикасының өңірде бұрын да көп одақтасы болған жоқ, ал бүгінде Тегеран іс жүзінде жалғыз қалып отыр.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін билікке келген діни басшылар Иранды мұсылман әлемінің алдыңғы қатарлы ислам мемлекеті ретінде көрсетуге тырысты. Тегеран өз саяси моделін басқа елдерге таратуға және аймақтағы шиит қауымдастықтарын қолдауға ұмтылды.
Бұл амбициялар Парсы шығанағы елдерін, әсіресе исламның басты қасиетті орындары орналасқан Сауд Арабиясын алаңдатты. Эр-Рияд пен Тегеран ондаған жыл бойы өңірдегі ықпал үшін басты қарсыластар болып келді.
Парсы шығанағындағы мұнайлы монархиялардың АҚШ-пен тығыз байланысы бар еді, ал Иранның амбициялары олардың мүдделеріне тікелей қайшы келді. Бұл “Таяу Шығыстағы қырғи-қабақ соғыс” ондаған жылға созылып, тек 2023 жылы Қытайдың арағайындығымен Сауд Арабиясы мен Иран дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруге келіскеннен кейін ғана бәсеңдеді.
Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылынан кейін Парсы шығанағы елдері Тегеранның олардың тұрақтылығы мен экономикасына қауіп төндіруі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрді.
Сарапшылардың пікірінше, Иранның өңірдегі беделіне үлкен соққы жасалды және бір рет жоғалған сенімді қалпына келтіру өте қиын.
Өз ықпалын күшейту үшін Иран ондаған жыл бойы "қарсылық осін" құрып келді. Ол Ливандағы “Хезболла”, Йемендегі хуситтер, Ирактағы түрлі қарулы топтарды қаржыландырып, Ливан, Сирия, Бахрейн және Йемендегі қақтығыстарға араласты.
Палестина мәселесін де Тегеран өзінің мұсылман әлеміндегі беделін арттыру үшін пайдаланды. Ол ХАМАС пен “Исламдық жиһад” ұйымдарын қолдап отырды. Бірақ көптеген араб мемлекеттері бұл әрекеттерді палестиналықтарға қолдау емес, Иранның өңірдегі ықпалын кеңейту әрекеті ретінде қабылдады.
Сонымен қатар Иранның ядролық қаруға ұмтылысы көрші елдер арасында үлкен алаңдаушылық туғызды.
Сенімсіздік және беделдің әлсіреуі
Сондықтан көптеген араб үкіметтері Иранға көмектесу өңірдегі тепе-теңдікті бұзатын және өздерінің тұрақтылығына қауіп төндіретін мемлекетті күшейту болады деп есептейді.
Соғыс қалай аяқталатыны әзірге белгісіз. Бірақ өңірдегі күштер балансының әлсірегені анық.
Сарапшылардың айтуынша, Парсы шығанағы елдері Иран олардың экономикалық дамуын бірнеше соққымен-ақ бұзуы мүмкін екенін түсінеді. Бұл жағдай Сауд Арабиясын Израильге одан әрі жақындатуы мүмкін, әсіресе зымыранға қарсы қорғаныс технологияларын алу мақсатында.
Иран қолдайтын шииттік күштер де Тегеранға көмектесуге дайын болуы мүмкін, бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. 2023 жылы ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін басталған соғыстан кейін "қарсылық осі" әлсіреп кетті. Израиль “Хезболла”басшылығын жойып, ХАМАС-ты әлсіретті, ал Иранның одақтасы Сирия президенті Башар Асад биліктен кетіп, Мәскеуге қашуға мәжбүр болды.
Сунниттер мен шииттер
Әлемдегі мұсылмандардың басым бөлігі – сунниттер (шамамен 85–90%), ал шииттер азшылықты алады (10–15%). Шииттердің негізгі қауымдастықтары Иран, Әзербайжан, Ирак және Пәкістанда орналасқан.
Бұл бөліну 632 жылы Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін мұсылман қауымын кім басқаруға тиіс деген мәселеден басталған. Шииттер билік пайғамбардың туысы Әлиге берілуі керек деп санады. Ал сунниттер қауым басшысы ең беделді және лайықты серіктердің ішінен сайлануға тиіс деп есептеді.
Алғашқы халифа болып Әбу Бәкір сайланды. Кейінгі саяси күрес нәтижесінде 661 жылы Әли өлтірілді. Оның ұлдары Хасан мен Хусейн де қаза тапты. 680 жылы Кербалада Хусейннің өлтірілуі шииттер үшін бүгінге дейін тарихи қасірет.
Бастапқыда саяси болған бұл келіспеушілік кейін терең діни бөлініске айналды. Ал 1979 жылғы Иран революциясы бұл қарсыластықты геосаяси бәсекеге айналдырды. Содан бері шииттік Иран мен сунниттік Сауд Арабиясы мұсылман әлеміндегі ықпал үшін күресіп келеді.
Мұсылмандарға ықпал ету үшін күрес
Иран мен Сауд Арабиясының, сондай-ақ Парсы шығанағындағы басқа елдердің арасындағы қарсыластық ұзақ уақыт бойы Таяу Шығыстың саяси динамикасын айқындап келді.
Алайда Сауд Арабиясының іс жүзіндегі басшысы Мұхаммед бен Салман көптен бері болашақтағы жаңа Сауд Арабиясын құруды армандап келеді, ал аймақтағы тұрақсыздық оған кедергі келтіреді.
Ол елді туристер мен инвесторлар үшін тартымды етуді көздейді және мұнайдан түсетін табысты өзінің “Vision 2030” ұлттық жобасына жұмсауға дайын. Сонымен қатар күн және жел энергетикасын дамытып, әлемдегі ең танымал футболшылардың бірі Криштиану Роналдуды жергілікті футбол лигасында ойнауға шақырды.
Сондықтан Сауд Арабиясы аймақта тұрақтылықты сақтауға және барлық көршілерімен, соның ішінде Иранмен де прагматикалық қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.
Дәл осы себепті 2023 жылы Қытайдың арағайындығымен Эр-Рияд пен Тегеран дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіруге келісті.
Фабрис Баланштың айтуынша, ханзада бен Салман тұрақтылықты кез келген жолмен сақтауға және барлығымен келісімге келуге дайын болған. Алайда қазір бұл болашаққа қауіп төніп тұр.
Ал Иран, профессор Нажат Аль-Саидтің пікірінше, бұрынғы принциптерінен бас тартуға ниетті емес және әлі күнге дейін революциялық идеологияға негізделген мемлекет болып қала береді. Бұл жағынан ол экономикалық және саяси мүдделер үшін идеологиялық ұстанымдардан алыстаған Парсы шығанағы елдерінен ерекшеленеді.
“Сауд Арабиясының конфессиялық саясаттан сауд ұлттық идеологиясына көшуі мен Ирандағы идеологиялық қатаңдықтың күшеюі арасындағы айырмашылық саяси жүйелер уақыт талабына сай өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді. Ал идеологиялық жүйелер, керісінше, барған сайын қатая түседі. Олар үшін кез келген елеулі өзгеріс өздерінің жойылып кету қаупін тудырады”, – дейді Әмірліктердегі Америка университетінің профессоры Нажат Аль-Саид.
Иран – қайтадан басты қауіп
“Авраам келісімдері” жасалғаннан кейін Таяу Шығыстың геосаяси картасы едәуір өзгерді. 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Судан, кейінірек Марокко Израильмен қарым-қатынастарын қалыпқа келтірді. Осы жаңа аймақтық жағдайда Иран бірқатар араб мемлекеттері үшін ортақ қарсылас ретінде көріне бастады.
Сауд Арабиясы да Газа секторындағы соғыс басталғанға дейін Израильмен қатынастарды қалыпқа келтіру мүмкіндігін қарастырған еді, бірақ палестина мәселесі бұл келіссөздерге кедергі болды.
Ендігі басты сұрақ – соғыстан кейін не болады? Тегеранда қазіргі билік әлсірегенімен сақталып қала ма, әлде билік ауыса ма?
Фабрис Баланштың айтуынша:
“Оқиғалар қалай өрбісе де, бір нәрсе анық: жақын уақытта Иран бұрынғы қуатын қайтара алмайды. Муллалар режимі сақталып қалса да, немесе жаңа басшылық келсе де, елдің шах дәуіріндегі, яғни Иран іс жүзінде “Таяу Шығыстың жандармы” рөлін атқарған кездегідей ықпалын қалпына келтіру үшін уақыт қажет”.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев