"Ішімдік ішіп, темекі шеккен, түсік болған": ҚазҰУ-да студенттердің деректерін тағы да таратып жіберген

Фото: farabi.university
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) студенттердің жеке деректерінің таралуына байланысты тағы да дау туындады. Бұл жолы студенттердің ішімдік, темекі пайдаланғаны, түсік тастағаны сияқты әрекеттері олардың аты-жөнімен ашық таратылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орда” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тараған ақпаратта студенттер мен қызметкерлердің аты-жөні мен денсаулығына қатысты жеке мәліметтері жазылған. Мысалы, ауруға байланысты немесе жедел жәрдем шақыртулары сияқты ақпараттар бар. Дереккөздің айтуынша, бұл ақпарат алдымен кураторлардың чаттарына жіберіледі. Сосын еш өзгеріссіз студенттерге таратылады.
2024 жылы да осындай жағдай болған. Сол кезде интернетте ҚазҰУ-дағы "пәк қыздар тізімі" талқыланған еді. Қазір тағы да сол тақырып бойынша дау шықты.
Кураторлардың бірінің айтуынша, университетте үнемі "мониторинг" деп аталатын қағаздар таратылады.
"Материалдарда студенттер мен қызметкерлердің жеке деректері, соның ішінде медициналық ақпарат — гинекологиялық диагноздар, жүкті болу мәліметтері және басқа сезімтал деректер көрсетілген. Барлығы толық аты-жөнімен көрсетіледі", — деді куратор.
Дереккөз мәселенің бір реттік емес, жүйелі түрде қайталанатынын атап өтті.
Мысалы, 19 қаңтарда тараған құжатта студенттің аты-жөні мен жағдайы ашық көрсетілген. Бір студент "ішімдік иісімен" жеткізілгені айтылған. Тағы бір мысал — "жатырдан қан кету" диагнозымен жедел жәрдем шақырылғаны айтылған. Онда қыздың курсы, факультеті және аты-жөні анық көрсетілген.
Ал 27 қаңтарда тараған құжатта тізім одан әрі кеңейіп, онда студенттердің толық аты-жөні, заң бұзушылықтары (оның ішінде темекі шегу, ішу) көрсетілген. Сонымен қатар, денсаулыққа қатысты мәліметтер де жазылған: өздігінен түсік (8 апта), жүрек проблемалары, ішек инфекциясы сияқты. Бұл ақпараттар әкімшілік есеп сияқты берілген. Тіпті жеке тұлғалардың аты-жөнін жасыруға тырыспаған.
ОқыңызДерекке сай, жағдайды басқару орталығы "мониторинг" жасап, оны кураторлардың чаттарына жібереді. Кураторлар құжаттарды еш өзгеріссіз студенттерге таратады. Себебі, кураторлық жұмыс ақысыз, сондықтан өңдеуге уақыт бөлінбейді. Бұл әрекет жеке өмірге араласу болып, студенттердің құпиялылығы бұзылатынын, репутациялық қауіп пен қысым тудыру мүмкін екенін айтты.
Университет жеке деректерді қорғау басымдық беретінін және заңмен реттелетінін растады.
"Жеке тұлғаның келісімінсіз деректерді таратуға жол берілмейді және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады", — деді ҚазҰУ ресми жауабында.
Сондай-ақ университет дерек түскеннен кейін қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.