Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқаларға сабақ болады": Қайрат Сатыбалды Қазақстан халқынан кешірім сұрады (видео)

Әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдының Қазақстан халқынан кешірім сұрап, президент саясатын қолдаған видеосы да тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

"Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда сөз бар, "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін", – деді бұрынғы шенеунік.

Бұл – мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі дейді Қайрат Сатыбалды. 

"Мұндайды көрген соң ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шашпайды. Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен президентіміздің жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдаймын. Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып,заң мен тәртіп болуға тиіс! Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және мемлекет басшысынан кешірім сұраймын. Осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерімді саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болды. Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр", – делінген видеода.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын деп отыр.



"Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын", – дейді Сатыбалдыұлы.

Еске салайық, бұған дейін Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарағанын жазған едік. Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

 

Талқылау