Ішкі істер вице-министрі зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің мінез-құлқын "тәртіпке қайшы" деп атады
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жасөспірімдердің мінез-құлқы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Бұл туралы вице-министр сенаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша дөңгелек үстелінде айтты. Отырыс барысында сарапшылар жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесін талқылады.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстар саны 14%-ға төмендеді. Әрине, бұл қанағаттанарлық жағдай емес. Мұндай қылмыстардың алдын алудың қиын екенін атап өту қажет, өйткені олар тұрғын үйлерде жасалады және көбінесе балалардың жақын адамдары тарапынан, сондай-ақ ерікті түрде жыныстық қатынасқа түсу нәтижесінде болады", — дейді ішкі істер министрінің орынбасары.
Сонымен қатар вице-министр барлық тіркелген жасөспірімдерге қарсы қылмыстардың жартысына жуығы өзара келісіммен жасалған жыныстық қатынастар екенін атап өтті.
"Жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа түсуінің негізгі себептері — отбасының аз қамтылуы, тәрбиенің жеткіліксіздігі, БАҚ-та ер мен әйел арасындағы еркін қарым-қатынастардың насихатталуы, жәбірленушілердің мінез-құлқы тәртіпке қайшы (девиантты) және құқықтық сауатсыздығы”, — деді Лепеха.
Вице-министрдің пікірінше, мұндай статистика еліміздегі отбасы институтында жүйелі мәселелер бар екенін көрсетеді. Ол бұл мәлелерді шешу идеологиялық жұмыстар жүргізу, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған шаралар арқылы мүмкін екенін атап өтті.