Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер арасындағы суицидтік ойындарға қатысты мәлімдеме жасады
Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер арасындағы заңсыз мазмұндағы материалдар мен ресурстарды анықтау бойынша жүргізілген интернет-мониторинг нәтижелерін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: istockphoto.com
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жыл басынан бері 22 мыңға жуық заңсыз шетелдік интернет-ресурс анықталып, барлығын бұғаттау туралы талап уәкілетті органға жолданған.
"Қазақстандықтардың суицидтік бағыттағы интернет-ойындарға қатысу жағдайлары анықталған жоқ. Алматыда өз-өзіне қол жұмсаған екі жасөспірімге қатысты, олардың телефондары тексеріліп, суицид ойынына қатысу фактісі анықталмағанын хабарлаймыз. Қазір жасөспірімдердің телефондарындағы өшірілген хабарламалармен мен қосымшаларды қалпына келтіру бойынша қосымша тексеру жүргізілуде", – делінген министрлік хабарламасында.
Ішкі істер министрлігі әрбір осындай факті бойынша қажетті тексерулер жүргізілетінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы қыздың тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлап қаза тапқаны туралы жазған едік. Ішкі істер вице-министрі Алматыда оқушы қыздардың құлауына қатысты пікір білдіріп, жағдайды "сөзсіз суицид" деп атады.