Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алкогольді онлайн сатуға тыйым салуды ұсынды

алкоголь

Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденов еліміздегі қылмыстық жағдайға әсер ететін негізгі факторлардың бірі — алкогольді шамадан тыс пайдалану екенін мәлімдеді. Осыған байланысты министрлік алкоголь өнімдерін онлайн сатуға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, кейбір кәсіпкерлер табыс табу мақсатында спирттік ішімдіктерді сату кезінде жас және уақыт шектеулерін елемейді. Мысалы, тәулік бойы жұмыс істейтін кафе мен барлардың атын жамылып сатады.

"Қазір онлайн жеткізу кеңінен қолданылады. Ал лицензиядан айыру шарасы тиімді емес, өйткені келесі күні оны басқа тұлғаға қайта рәсімдеп алуға болады", - деді Ержан Саденов Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.

ІІМ осыған байланысты алкоголь өнімдерін тек арнайы дүкендерде — алкомаркеттерде сатуды, лицензия беруге қойылатын талаптарды қатаңдату және олардың санын шектеуді, ойын-сауық орындарында спирттік ішімдік сату уақытын қысқартуды ұсынды.

"Мұндай орындарда мас күйінде 1400-ден астам қылмыс, соның ішінде үш кісі өлтіру фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды қолдап отырған жоқ. Дегенмен, біз ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мүддесін басшылыққа алуымыз керек", –  деді министр.
 

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 13 Қазан, 2025 11:34
Талқылау