Ішінде 25 адам болған: Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырады
Астанада жолаушы автобусы бағанға соғылды. Зардап шеккендер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/astana_live24
Оқиға Бараев көшесінде болған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем көліктері бірінен соң бірі келіп жатыр. Полиция апат кезінде автобустың ішінде 25 жолаушы болғанын мәлімдеді.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Бараев көшесімен Қабанбай батыр даңғылына қарай бағыт алған автобус жүргізушісі басқаруды жоғалтып, жарық бағанасына соғылған.
"Жол-көлік оқиғасының салдарынан жүргізуші мен бірнеше жолаушы жарақат алып, қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір осы жағдай бойынша тексеру жүргізілуде. Апаттың мән-жайы мен себептері анықталуда", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолдарда ерекше мұқият болуға, жылдамдық режимі мен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.