Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішін қатты басып, баланы тұншықтырды": Ақмола облысында тұрғын босану кезінде шетінеген сәбидің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Ақмола облысында тұрғын Бұланды аудандық ауруханасының дәрігерін жазалауды сұрап видеоүндеу жасады. Айтуынша, босандыру кезінде ол сәбидің жағдайына қарамастан әйелдің ішінен қатты басқан. Салдарынан нәресте тумай жатып көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі aqmolapress парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: instagram/aqmolapress

Оқиға Макинск қаласында болған. Әйелде жүктілік кезеңі патологиясыз жақсы өткен. Бірақ босану кезінде түзетілмейтін жағдай болған. 

Видеоның авторының айтуынша, босануды қабылдаған дәрігер әйелге дөрекілік танытқан. Айқайлап ұрсып, кейін ішінен қыса бастаған. Туыстарының пікірінше, дәл осы әрекеттің кесірінен нәресте көз жұмды.

"Әпкемнің айтуы бойынша, дәрігер оған айқайлаған. “Тезірек бол, аяқта жүргеніме 1,5 күн болды”, – деген. Толық ашылуды күтпестен, барлық салмағымен оның ішінен қатты басқан. Тіпті әпкем тұншығып, есінен танып қалған. Бірақ дәрігер ішін итеріп “күшен, күшен” деп, айқайлауын тоқтатпаған. Акушер оған баланың басы әлі алыста екенін айтқан. Алайда бұл оны тоқтатпады. Біздің болжамымызша, сәбиіміздің өліміне дәрігер кінәлі”, – деді ақмолалық тұрғын.

Айтуынша, бұл әпкесінің алғаш рет босануы емес.

"Ол сол жолы төртінші рет босанды. Алдыңғы үш баланы өзі дүниеге әкелді. Осы төтенше жағдай бойынша дәрігерлердің консилиумы жиналды. Босанған дәрігерге сөгіс пен тәртіптік жаза тағайындалды. Бұл Макинск ауруханасындағы жалғыз жағдай емес. Осы мәселені жария етуді сұраймын", – деп қосты үндеу авторы.

Ақмола облысының полиция департаменті бұл факт Бұланды ауданының полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлады.

"Материал Бұланды аудандық ауруханасы дәрігерлерінің іс-қимылын тексеру үшін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментіне жолданды. Тексеру нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", – деп түсіндірді ведомство.

Талқылау