Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қарапайым операциядан кейін әйел көз жұмған: Қызы дәрігерлерді айыптап отыр

Астанада дәрігерлердің салғырттығынан лазерлі ота жасатқан әйел көз жұмған

Фото: freepik.com

Желіде астаналық ару дәрігерлердің кінәсінен еш сырқаты жоқ анасының қаза тапқанын жеткізіп шағымданды. Айтуынша, анасы лазер арқылы жасалатын ең жеңіл отаға кірген. Алайда шыққан соң оның жағдайы күрт нашарлағанына қарамастан дәрігерлер туыстарын алдап, бәрі жақсы екеніне сендірген. Бойжеткен осы жағдайға қарамастан жауапты болған дәрігерлердің әлі қызметте жүргенін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Астанадағы “Greenclinic” көп салалы емханасында болған. 

“Мен шок жағдайындамын. Қатты жүрегім ауырып тұр! Неге анамның өліміне себеп болған дәрігерлер: Әділет Меңдібаев пен Қайрат Катренов әлі күнге дейін бұл ауруханада жұмыс істеп жүр?! Түсінесіздер ме? Олардың немқұрайлылығы мен салғырттығынан менің анам өмірден өтті!

10 қыркүйекте анам Оразгүл Жұмағалиеваны лазерлік отаға кіретін болды. 11 қыркүйек күні таңертең оған лапароскопиялық герниопластика жасалып, торлы эндопротез қойылды. Операциядан кейін анам есін тек түстен кейін ғана жиды. Бірақ 12 қыркүйекте сұмдық басталды!”, – деп баяндады ол. 

Бойжеткеннің анасы отадан кейін қатты әлсіреп, тіпті әрең сөйлейтін дәрежеде болған. 

“Сол күні кешке қатты құса бастаған. Ал кешкі 8–9 шамасында барсам, анамды жансақтау бөліміне алып кеткен екен. Мен жылап отырғанда дәрігер Әділет Мендібаев келіп, анаммен телефон арқылы сөйлестірді. Сол кезде дауысы әлі қалыпты еді. 13 қыркүйекте әпкем Ақтаудан ұшып келді. Екеуміз бірге ауруханаға бардық. Бұл сенбі болатын. Ауруханада бірде-бір дәрігер болған жоқ! Қауіпсіздік қызметі мен медбикелер арқылы анамның жағдайын сұрадық. Олар: "Бәрі жақсы, жаңа ғана тамақтанды, уайымдамаңыздар", – деді. Бірақ кейін білсек, бұл өтірік болған екен! Медбикелер анамның жағдайы жақсы деп айтып, бізді алдаған! Ал сол сәтте менің анам азаппен жан тапсырып жатқан! Қалай ғана осылай туыстарын алдауға болады?! Олардың ар-ұят, адамгершілігі қайда?!”, – деп жазды ол.



Оразгүлге кейін дәрігерлер қайта ота жасаған. Құрсағын ашқанда ішегінің 80 пайызы қарайып кеткені анықталған.

“Сағат 10:00-де мен үйге кеттім. 14:00-де әпкем мен әкем барған кезде анам әрең дем алып, сөйлей алмай, қиналып жатыр екен. Оған қалам мен дәптер берсе, "дәретханаға барғым келеді" деп жазған. Кешке оған қайтадан операция жасалды. Ішегінің 80 пайызы қарайып кеткен. Оны дәрігер Әділет Мендібаев өзі жуып тазалаған. Ал анамның емін қадағалауға тиіс болған Қайрат Катренов сол кезде Алматыға кетіп қалған! Қалай дәрігер науқасын ауыр қалде тастап кете алады?!

Отадан кейін бүкіл отбасымыз, әкем, әпкем, ағам, кіші інім бәріміз анамның оянуын күттік. Шамамен 20:00-де ота жасаған дәрігер үйіне кетіп қалды. Ол анамның есін жиғанын да күтпеді, бізге ештеңе айтпады. Сағат 01:14-те бірінші отаны жасаған Қайрат есімді дәрігер хабарласып, анамның көз жұмғанын айтты. Бірақ менде бір ғана сұрақ бар: Қайрат Алматыдан қашан келді? Мен түн жарымына дейін күткенімде жоқ еді. Анамда ешқандай ауру болған жоқ. Ол дені сау, белсенді, жұмыс істейтін, өмірге құштар адам еді. Ал осындай жеңіл отадан кейін дені сау адамды өлтіріп қойды! Неге анамыздың өмірін сеніп тапсырған дәрігерлер соншалық жауапсыз және немқұрайлы болды? Неге дәрігерлердің адам өмірі үшін ешқандай жауапкершілігі жоқ?”, – деп қорытты ол. 

Stan.kz редакциясы оқиғаға байланысты емханадан пікір күтуде. 

STAN.KZ
Жұма, 24 Қазан, 2025 18:28
Талқылау