Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішкиімін жыртып, дәлізге шығарып жіберген": Астаналық әйелге жігіті мен оның анасы зәбір көрсеткен

Қызды жігіті мен оның анасы соққыға жыққан

Фото: Astanovka98 Telegram-арнасы

Астана тұрғыны жігіті мен оның анасы өзін соққыға жығып, зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғаның қалай болғанын жәбірленуші Astanovka98 Telegram-арнасында айтты.

Қыздың айтуынша, ол жігітімен ұзақ уақыт кездесіп жүрген және бірге тұрып келген. 6 шілде күні олар бірге достарының тойына барған. Алайда той кезінде олар жанжалдасып, жігіт қызды күштеп алып кеткен. Жәбірленуші жігіттің көлікті мас күйінде жүргізгенін айтты.

Үйге келіп, қыз ұйқыға кеткенде ер адам түн ортасында анасын ертіп келген. 

“Жанжалдан кейін жігіттің анасы қызды балағаттауға көшкен. Сөйтіп қыз үйден кетпек болғанда жігіт оны күштеп ұстап, тұншықтыра бастаған. Сол кезде жігіттің анасы ұлын қорғау үшін қызды ұрып жіберген. Кейін олар қыздың киімі мен ішкиімін жыртып, оны дәлізге шығарып жіберген. Сол жерде қыз көршілерден көмек сұрап, полиция шақырмақ болған. Кейін такси шақырып, әпкесінің үйіне кеткен. Одан соң ауруханаға барған”, – деп жазды Telegram-арна.

Медициналық мекемеге барған жәбірленушіге оның мұрны сынғанын, дене жарақаты мен гематома диагнозы қойылған. Оның айтуынша, жігіт бұған дейін де жанжал кезінде физикалық күш қолданған. Қазір ол полицияға арыз жазып, сот-медициналық сараптаманың нәтижесін күтіп отыр.

Астана қаласының полиция департаменті 25 жастағы қыздың арызы негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Аталған факті бойынша тергеу аясында болған оқиғаның нақты жай-жапсарын анықтауға бағытталған барлық қажет процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды, дәлелдер жиналып, талданып, тараптардың уәждері зерделеніп жатыр”, – деді ведомстводағылар.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 10 Шілде, 2025 08:48
Талқылау