"Ырымдап қыз ұзатуға шақырады": Түркістандық жеті баланың анасы көпбалалы ана атанып көпшіліктің құрметіне ие болып жүр
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Бөген ауылының тұрғыны Шынар Болатбекқызы – адал жар, қара шаңырақтың келіні, бес қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана. Жеті баланың анасы Stan.kz тілшісіне отбасы құндылығы, бала тәрбиесі менің ондағы ата мен әженің рөлі туралы айтып берді.
Фото: Отбасы мұрағатынан
Шынар Болатбекқызы көпбалалы ана болуды армандағанын айтады.
“2005 жылы күйеуіммен шаңырақ көтердік. 2006 жылы тұңғышым Нұрбақ дүниеге келді. Күйеуіміз екеуіміз көпбалалы ата-ана болуды әуелден-ақ армандаған едік. Күйеуім 10 балам болса дейтін. Қазір 7 баланы тәрбиелеп отырмыз. Биыл тұңғышым 18 жасқа толады. Келесі жылы қызым мектеп бітіреді. Артынан ерген іні-қарындастары мектепте оқиды. Балаларымның оқу үлгерімі де жақсы. Кенжеміз 10 айлық”, – дейді Шынар.
“Балаларды тәрбиелеуде ата-әжелердің орны бөлек”
Кейіпкеріміз – қара шаңырақта ата-енесінің бабын тауып отырған инабатты келін. Ол көпбалалы отбасында ата-әжелердің өмірлік тәжірибесі үлкен көмек екенін айтады. Олар қиын жағдайларда кеңес беріп, балаларды дұрыс жолға бағыттай алады деп санайды.
“Мен де, күйеуім де 4 ағайындымыз. Ата-енем ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар. Қазір үйде күйеуім екеуіміз, бала-шағамыз бен ата-енем тұрады. Балаларым ата-әжесінің тәрбиесін көріп өсіп жатыр. Ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала жаман болмайды. Біз де “үлкен кісілерді сыйлаңдар, алдынан кесіп өтпеңдер” деп айтып отырамыз”. Ата-енемнің барына Аллаға шүкір айтамын. Сол кісілердің арқасында жеті баламның қалай өскенін байқамай қалдым. Ата-енемнің бала тәрбиесіне қосқан үлесі зор. Ақылын айтып, білгенін үйретіп отырады. Балаларды тәрбиелеуде ата-әжелердің орны бөлек. Олар ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды үйретеді. Немерелерге халқымыздың шежіресін, тарихын айтып береді. Бұл балалардың рухани бай болуына көмектеседі. Әсіресе, балаларды дұрыс мінез-құлыққа тәрбиелеуде олардың тәжірибесі таптырмас құрал”, – дейді келіншек.
Фото: Отбасы мұрағатынан
Шынардың айтуынша, әр отбасы мүшесінің туған күні – мейрам. Отанасы әр туған күнді ерекше атап өтетінін айтады.
“11 жанның туған күнін қалдырмай, ерекше етіп тойлауға тырысамыз. Біздің үйде күнде мейрам десем де болады. Мысалы, бір айда үш туған күнді тойлаймыз. Үш қызымның туған күні шілде айында. Осылайша бізде жаз бойы мереке. Кенжеміз 10 айға толып жатыр. Оны да өзімізше атап өттік. Одан бөлек Жаңа жылда, Наурыз мейрамында отбасы болып бас қосамыз. Мұндай бас қосулар керемет естеліктер сыйлайды. Балаларымызға қазақи тәрбие бергенді жөн көреміз. Сол себепті отбасымызбен Наурыз мейрамын асыға күтеміз. Ұлттық киімдерімізді киіп, ерекше атап өтеміз”, – дейді ол.
“Жолыңды берсін, көпбалалы ана болсын” деп жаңа түскен келіннің қолынан сүйетіп қояды
Үйдің отанасын көпбалалы ана деп сыйлап, қыз ұзатуға жиі шақырады екен.
“Мен ән айтқанды жақсы көремін. Ән айту хоббиім деп айтсам да болады. Содан кейін көпбалалы ана болғандықтан ба, көрші-қолаң, ағайын-туыстарымыз “қызымды ұзатып берші” деп қолқа салып жатады. Келін түсіп жатса, “жолыңды берсін, көпбалалы ана болсын” деп келіннің қолынан сүйетіп қояды. Осылай ырымдап жатады. Мен де сөздерін жерге тастамай, ән шырқап, ұясынан ұзатамын. Негізгі мамандығым – заңгер. Қазір жергілікті әкімшілікте әлеуметтік сала маманы болып жұмыс істеймін. Әлеуметтік тұрмысы төмен, көмек сұрап келетін жандарға қызмет көрсетеміз. Бір кездері “өз мамандығыммен жұмыс істемеймін” деп налитын едім. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ екен. Қазіргі қызметіме де ризамын”. Мұндайда ата-әжелерінің көмегі көп. Немерелерін бағып, оларға көңіл бөлетін ата-әжелер ата-ананың өз міндеттерін орындауға уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Бұл отбасының әр мүшесінің арасындағы байланысын жақсартады”, – дейді кейіпкеріміз.
Фото: Отбасы мұрағатынан
Көпбалалы ана балаларының адал азамат болып өсіп, еліне еңбек сіңіретін беделді тұлға болғанын қалайды.
“Балаларымның оқуын жақсы оқып, білікті, білімді маман иесі болғанын армандаймын. Ұл-қыздарымнан үмітім көп. Тіпті бала-шағама біздің өміріміз жұғысты болсын дейміз. Баяғыда үлкендер “қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады” деп айтушы еді. Сол сияқты әр баламның несібесі бар. Аллаға шүкір, ешкімнен кем емеспіз. Байлығым – отбасым, бала-шағам, ата-енем. Үйдің отағасы Бижанов Абзал теміржол саласында қызмет етеді. Күйеуім екеуіміз балаларға “қатарларыңның алды, қатарластарыңа үлгі болыңдар, ата-ананы жаман атқа қалдырмаңдар” деп үйретіп отырамыз”, – дейді көпбалалы ана.
“Бала күтімі мен жұмысқа қатар үлгеруге болады”
Шынар Болатбекқызы көпбалалы аналарға барынша жан-жақты көмек көрсетілуі қажет деп санайды.
“Көпбалалы отбасыларды қолдаймын. Оларға қанша көмек берсе де, артық етпейді. Жеңілдіктер көп болса екен деймін. Өзім алтын алқа иегерімін. Мысалы, қоғамдық көліктерде аналарға жол жүру тегін болса, бұл да бір көмек. Барынша жағдай жасалса деймін. Негізі, бала күтімі мен жұмысқа қатар үлгеруге болады. Балаларымның алды өсіп қалды. Таңертең мектепке баратындардың таңғы асын беремін. Екінші ауысымда оқитындардың да түскі асын дайындап, сабаққа жіберемін. Үйірмеге баратындар да бар. Сөйте тұра жұмысыма да үлгеремін. Кешке бәріміз жиналып абыр-дабыр болып сабақ оқимыз. Кейін кешкі аста дастархан басында жиналамыз”, – дейді үйдің отанасы.
Кейіпкеріміз балаларға өз уақыттарын дұрыс пайдалануды үйрететінін айтады. Тәртіпке үйренген бала өз-өзіне қарап әрі анасына да өзіне көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді дейді.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
