Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей мен Әзірбайжан арасындағы жағдай: Бакуде 8 ресейлік, ал Екатеринбургте Әзірбайжан диаспорасының басшысы ұсталды

Фото: Apa.az

Бакуде Ресейдің сегіз азаматы ұсталып, төрт айға қамауға алынды. Олар есірткі саудасы мен кибералаяқтық үшін айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі apa.az басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Екі ел арасындағы шиеленіс күшейіп жатыр. Кезекті шиеленіс Ресейдің күш құрылымдарының Екатеринбург қаласында Әзірбайжан диаспорасының өкілдеріне қарсы жүргізген операциясынан кейін басталды. Оқиға салдарынан ағайынды Сафаровтар қаза тапты. Баку оларды ресейлік күш құрылымдары өлтіргенін айтты. Әзірбайжан Бас прокуратурасы өз азаматтарын азаптау фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Көп ұзамай, Бакуде ресейлік "Спутник" агенттігінің әзербайжандық бөлімшесінің директоры мен бас редакторы ұсталды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, журналистер "Федералдық қауіпсіздік қызметкерлері болып шыққан". Кейін Бакуде шамамен он ресейлік азамат қылмыстық топқа қатысы бар деген айыппен ұсталды. Оларға есірткі саудасымен айналысты және Ираннан келген киберқылмыстарға араласты деген айып тағылды.



"Важные истории" басылымының мәліметінше, ұсталғандардың қатарында IT-кәсіпкер Антон Драчев, IT-маман Сергей Софронов және бағдарламашы Дмитрий Безуглый бар. Желіде тараған видеодан олардың соққыға жығылғанын көруге болады. 1 шілдеде сот сегіз ресейлікті төрт айға қамауға алды.

Екатеринбургте Уралдағы Әзірбайжан диаспорасының жетекшісі мен ұлы тұтқындалып, кейін ұлы босатылды. Шахин Шихлинскийге қатысты ресми айыптаулар әлі жарияланған жоқ.

Воронежде де Әзірбайжаннан шыққан ықпалды кәсіпкер Юсиф Халиловтың үйінде тінту жүргізілді.

Айта кетейік, бұған дейін Әзірбайжан мәдениет министрлігі Екатеринбург қаласында әзірбайжан ұлт өкілдерінің ұсталуынан кейін ел аумағында Ресейдің қатысуымен өтетін барлық мәдени іс-шаралар тоқтатылғанын мәлімдеген еді.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 11:31
Талқылау